Елге аман оралсақ деген үмітімізді үзбедік — Ауған соғысының ардагері  

АТЫРАУ. KAZINFORM — Бүгін — Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылған күні. Биыл оған 35 жыл толды. Кеңес әскерінің құрамында Ауған соғысына Қазақстаннан 22 мың 269 адам қатысқан. Солардың қатарында атыраулық Рафхат Ахметов те бар. 

Рафхат Ахметов
Фото: Кейіпкердің жеке қорынан

Атырау облысының Ресей Федерациясымен шекаралас Құрманғазы ауданында тұратын Рафхат Ахметов мектепті 1986 жылы бітірген. Сол жылы Ресейдің Астрахань қаласындағы училищеге оқуға түсіп, автокран жүргізушісі мамандығын алған. Ал, 1987 жылдың күзінде өзі туып-өскен ауданның әскери комиссариаты арқылы армия қатарына шақырылған.

«Сол жылдары жас жігіттердің бәрі дерлік әскерге баруды ойлап жүретін. Денсаулығында кінәраты бар жігіттер ғана әскерге шақырылмайтын. Біз әскерге барудан қашқан адамды көрмедік. Өйткені, сол кездегі жастар әскерге бармай қалуды ұят санайтын еді. Бірақ, Ауғанстандағы соғысқа барамын деп ойламадым», - дейді сол күндерді еске алған Рафхат Ахметов. 

Ол алғашында Түркіменстан Республикасының астанасы — Ашхабад қаласындағы әскери бөлімге түскен. Мұнда БМП-2 әскери машинасының атқыш-операторы болуы үшін арнайы курстан өткен. Ал, кеңес әскерлерінің Ауғанстандағы шектеулі контингентінің құрамына 1988 жылдың басында барған. 

«Соғыстың аты — соғыс. Оның зардабын айтып жеткізу мүмкін емес. Ауғанстанға 18-20 жастағы жігіттер соғысамыз деп емес, әскери бұйрықты орындау үшін барды. Бірақ, біраз жігіт оққа ұшты, кейбірі із-түзсіз жоғалып кетті. Мәпелеп өсірген ұлын әскерден тірілей емес, табытпен күтіп алған ата-ананың мұңын, қайғы-қасіретін сол соғысқа барғандар ғана түсінетін шығар. Өйткені, бұл соғыс біздің де, ата-анамыз бен туыстарымыздың да жүрегіне жазылмас жара салды. Ауғанстандағы әр күніміз үреймен өтті. Елге аман-есен жетсек деген үмітімізді үзбедік», - дейді Рафхат Ахметов. 

Ауған соғысының ардагері өзге елдегі әскери өмірін еске алудың қиын екенін айтады. Себебі, бұл — сол ұрысқа қатысқандар үшін ұмытылмайтын соғыс. 

«Біз Ауғанстанда қай елдің мүддесі үшін соғыстық? Кімнің Отанын қорғадық? Бұл сауалдарға ешкім ешқашан жауап бермейді. Бірақ, біз — солдатпыз, әскери бұйрықты орындауға мәжбүр болдық», - дейді ол. 

Кеңес одағы кезінде қатардағы жауынгерлерге «Ерлігі үшін» медалі беріле қоймайтын. Ауған соғысының ардагері Рафхат Ахметов «Ерлігі үшін» медлімен наградталған. Бұл медаль оған жауынгерлік тапсырманы орындаудағы батылдығы, әскери операцияны өткізу кезіндегі ерлігі үшін берілген. 

Әскерден 1989 жылы оралып, колхозға жұмысқа орналасқан. Кейін 2000 жылы Құрманғазы аудандық ішкі істер бөліміне ауысып, қоғамдық тәртіптің сақталуына үлесін қосқан. Ал, 2013 жылы зейнет демалысына шыққан.