Елге «көмектескен» Теміртаудың сот орындаушылары 6,5 млн теңге айыппұл төлейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Теміртауда пара алғаны үшін сот актілерін орындау бөлімінің басшысы мен оның қол астындағы қызметкері сотталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ekaraganda.kz сайтына сілтеме жасап.

Елге «көмектескен» Теміртаудың сот орындаушылары 6,5 млн теңге айыппұл төлейді

Келтірілген деректерге сүйенсек, сот орындаушылары өздерінің қызметтік міндеттерін орындағаны үшін тұрғындардан заңсыз түрде сыйақы талап еткен. Есесіне олар мәселені жылдам шешіп береміз деп уәде берген.

Мысалы, қала тұрғынына қойылған елден шығуға уақытша  шектеуді алып тастау үшін олар 10 мың теңге алған. Автомобильге қойылған арест 5 мың теңгеге «шешілген». Қарызды қайтарып алуды жылдамдату «көмегі» 20  мың теңге көлемінде есептелген.

Соңғы жемқорлық іс пәтерден шығарып жіберу уақытын ұзарту болыпты. Бөлім басшысы мен оның қызметкері 20 мың теңге сыйақы алып, ақшаны тең бөлуді жоспарлайды. Алайда, сот орындаушы пәтер иесінен 25 мың теңге талап етіп, 15 мыңын өз қалтасына, 10 мыңын бастығына әкеліп береді.

Айта кетерлігі, сот орындаушылар қала тұрғындарынан өздерінің қызметтік міндеттеріне кіретін жұмыстар үшін қосымша ақша талап етіп отырған.

Сот отырысында айыпталушылар өз кінәларын мойындап, істеген әрекеттері үшін өкінетіндерін жеткізді. Сот бөлім басшысына 4 200 000 теңге, оның қызметкеріне 2 450 000 теңге көлемінде айыппұл тағайындады. Бұл - олар алған параның жалпы сомасының жетпіс еселік көлемі.

Сонымен қатар, сотталушылар өмір бойы мемлекеттік қызметтен, жергілікті өзін-өзі басқару және  мемлекет үлесі бар құрылымдардан шеттетілді.