«Елге оралудың жақсы жүйесі» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 25 желтоқсан, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

 «Елге оралудың жақсы жүйесі» - баспасөзге шолу

Соңғы кезде ғалымдар арасында Еуропалық жоғары білім алу жүйесі қазақстандық білім жүйесін құрдымға кетіре бастады деген пікірлер жиі айтыла бастады. Бұл тақырып « Айқын » басылымында да бүгін көрініс тауып отыр. « Еуропалық оқу жүйесін жерсіндірдік пе? » атты мақалада газет осы мәселенің анық-қанығын анықтауға тырысады.

«2010 жылы 11 наурызда Қазақстан Болон процесіне қосылып, «Университеттердің ұлы хартиясына» қол қойып, ТМД елдерінің ішінен бірінші болып еуропалық үш деңгейлі білім беру жүйесіне өтті (бакалавриат-магистратура-докторантура). Осыған байланысты, 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап кеңестік дәуірден мұраға қалған түрлі ғылыми мамандықтар бойынша кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғау арқылы ғылыми дәреже беру жүйесі жойылды. Екі деңгейлі ғылыми дәреже беру жүйесін бір ғана PhD-докторантура алмастырды. Осы жақында Білім және ғылым министрлігінің өкілдерінің «2015 жылы қазақстандық ғалымдар армиясының 2,5 мың жас ғалыммен толықты» деген ақпараты біраз академиктерімізді таң-тамаша қалдырды. 2,5 мың ғалымды кім дайындағаны және қайдан келгені көпшілікке белгісіз», - деп жазады басылым.

«Осы ретте Ломоносов атындағы Мәскеу Мем­лекеттік университетінің проректоры, уни­верситет академиялық саясат басқармасының бастығы В.Мироновтың «Қазір Еуропаға білім денгейі оншалықты жоғары емес, яғни офи­цианттың (даяшының) біліміндей ғана білімі бар бакалаврлардың Еуропа экономикасына қыз­метке келгені тиімдірек болуы да мүмкін» деуі­нің өзі ойланарлық сөз. Ал біздің білім сала­сы­ның басшылары 90-жылдардың орта шенінде жұрт­шылықпен ақылдаспастан ғылымдағы түсі­ніксіздеу бір бакалавр деген дәрежені енгізе салды. Ал күндердің күні болғанда бакалавр ата­ғын алып шыкқандардың осы бакалавр дегеннің не екенін өздері де, оларды қызметке алушылар да білмейтіні белгілі болды», - деп ой толғайды мақала авторы.

Жақында «Қазақстан Республика­сы­ның кейбір заңнамалық актілеріне ха­лықтың көші-қон және жұмыспен қам­тылу мәселелері бойынша түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабыл­данғаны белгілі. 1 қаңтардан бастап күші­не енетін заң тарихи Отанына оралғысы келетін қандастарымызға даңғыл жол ашпақ.

Осы орайда «Айқын» газеті Дү­ние­жүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының орынбасары, Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер Сұлтанәлі Бал­ғабаевты әңгімеге тартып, жаңа заңның жағымды жақтарын түсіндіруді сұраған.

«Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төралқа төрағасының бі­рін­ші орынбасары Талғат Мамашев мырзаның атынан 23 ақпанда Мәжіліс төрағасы Қ.Жақыпов мырзаға көші-қонға қатысты көптеген ойларымыз бен ұсыныстарымызды қағазға түсіріп, оны депу­таттардың қолына тигіздік. Сондықтан бұл заңның жобасын дайындауға және оны талқылауға белсенді түрде атсалы­тық деуімізге негіз бар. Президент әкім­шілігі мен өзге құзырлы органдарға да бірнеше мәрте өз ұсыныстарымызды жол­да­­ғанбыз. Ұсыныста шетелдердегі этникал­ық қазақтардың проблемалары, этни­калық көші-қон, Қазақстан қоғамына оралмандардың бейімделуі, олардың ық­палдылық мәселелері, Қазақстан Рес­пуб­ликасының азаматтығын тез алу жолдары көрсетілген-ді. Ең керегі біздің шырылдап жүріп, қандастарымыздың қамын күйтте­ген ой-пікірлеріміз заңда көрініс тапты, ұсыныстарымыз енді», - дейді С. Балғабаев « Елге оралудың жақсы жүйесі » атты материалда.

«Оралмандар тұрақты тұру үшін төлем қабілетін дәлелдейтін құжат талап етілмейді. Өңірлік квотамен келгендерге жол жүру, мүлік тасымалдау қаражаты төле­ніп, өтемақы беріледі. Олар ендігі жерде ке­ден салығынан да босатылады.

Оралман айқындалған жерге көшіп барып, арада 5 жыл өтпей еліне немесе басқа жаққа көшер болса, алған жеңіл­дік­тің бәрін мемлекетке қайтарады. 10 жыл бұрын келген отбасы да, былтыр келген отбасы да оралман атанып жүре беруіне жол жабылды. Енді ол бір жылдан соң то­лыққанды Қазақстан азаматы атанады», - деп атап өтті ол аталмыш сұxбатта.

Тағы бір мәселе азаматтардың соттал­ған­дығы туралы анықтамаға байланысты. Ен­ді олардан ешқандай қағаз талап етпеуге бо­лады. Өйткені сотталған кісіні ешкім де шекарадан өткізбейді. Мәселен, Қытайда сотталғандарға жол жабық. Яғни осы құ­жаттың қажеті жоқ деп ойлаймын. Осы­ның бәрі ескеріліп, көші-қон мәсе­лесі же­ңілдетілді.

***

Жақында Мемлекет басшысы «Үкімет азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясын құру туралы Заңға қол қойды. Бірінші кезеңде бірқатар әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтер көрсететін төрт республикалық мемлекеттік кәсіпорын бір мемлекеттік корпорацияға біріктіріледі. Бұған дейін мемлекеттік кәсіпорындарға жүктелген барлық қызметтерді енді азаматтар бір жерден алатын болады және барлық үдерістер осында жүзеге асады. 2016 жылдың басынан жұмысына кірісетін корпорация туралы « Егемен Қазақстан » басылымы ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевпен сұxбат құрған.

- Ең басты мақсат - бюрократияны азайту, көрсетілетін мемлекеттік қызмет үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етіп, оны ұсыну мерзімін барынша қысқарту. Барлық әкімшілік кедергілер жойылады және бизнес-үдерістерді оңтайландыру мен автоматтандыру арқылы шенеунік пен халықтың ара­сын­дағы тікелей байланыс мейілінше азаятын болады", - дейді министр «Жаңа қызметтің жақсылығы көп » атты материалда.

Ә. Исекешевтің атап өткеніндей, xалыққа қызмет көрсету ор­та­лық­тарында (ХҚО) 212 қызмет түрі ұсынылса, мемлекет­тік корпорация 522 қызмет түрін көр­сететін болады. Ал екінші кезеңде олардың саны 700-ге жетпек. ХҚО-лар тағдырына алаң­дау­дың қажеті жоқ, себебі мемле­кеттік корпорация осы халыққа қызмет көрсету орталықтары негізінде құрылады.

«Корпорация күнделікті сағат 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін, тіпті, сенбі күні де жұмыс істейді. Мем­лекеттік мекемелердің ақпа­рат­тық жүйесіндегі интеграцияның есебінен қызметті ұсы­ну­­дың мерзімі айтарлықтай қыс­қарады», - дейді ол.

Әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мем­лекет­тік сыйлығын беру жөніндегі комиссиясы 2016 жылғы Мемлекеттік сыйлыққа конкурс жариялайды, деп жазады « Егемен Қазақстан » «Құнды шығармаларға құрмет пен қолдау » атты мақалада.

Әдебиет пен өнер саласындағы Қазақ­стан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы отандық мәдениетті дамытуға ерекше бағалы үлес деп танылған әдебиет пен өнер саласындағы аса үздік шығармалары үшін беріледі.

Конкурстық шығармаларды қа­былдау 2016 жылдың 1 наурызына дейін жүргізіледі.

«Әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мем­ле­кеттік сыйлыққа ұсынылған ізденушілер ұжымы 5 адамнан аспауы тиіс. Бір ізденушінің кандидатурасы Мем­лекеттік сыйлыққа екі және одан да көп жұмыстар бойынша ұсыныла алмайды», - деп атап өтеді басылым. ***

Алматылық экологтар дабыл қағуда: елдің ең ірі қаласының ауа ластануы ең жоғары көрсеткіштеріне жетіп отыр, дегенмен жергілікті билікке бұл бәрібір сияқты, дейді ресми тілде жарияланатын «Экспресс К» газеті.

«Зеленое спасение» Экологиялық қоғамның мәліметтері бойынша, Алматы ауасындағы улы заттардың концентрациясы тым жоғары. Қараша айында жүргізілген зерттеулер бойынша, күкірт диоксидінің көлемі нормадан 151 есе, көмірқышқыл - 535 есе, азот диоксиді - 68 есе асып кеткен.

«Бұл өте қорқынышты көрсеткіштер және желтоқсан айында оның көлемі өзгерді деп ойламаймын, - дейді эколог Светлана Спатарь. - Дегенмен жақында жарияланған қаланың 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасының бірінші тармағында да, отызыншы тармағында да Алматының ауасын жақсартудың жолдары туралы бірде-бір пункт жоқ! Проблема барын өзіміз мойындамайынша, өзгерістер туралы әңгіме қозғау бос бекершілік. Сондықтан орын алып отырған қиын жағдайды мойындау - ең маңызды қадамдарымыздың бірі болуы тиіс», - дейді ол.

Толығырақ, «Воздушная тревога» атты мақаладан оқи аласыздар.