Ел халқы қандай маңызды скринингтерден өтуі тиіс
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті скринингтік зерттеулерден өтуге міндетті адамдарға қатысты түсінік берді.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2026 жылғы 3 маусымдағы Заңының аясында қызметкерлер мен жұмыс берушілерді скринингтік зерттеулерден өту қажеттілігі туралы цифрлық жүйе арқылы хабардар ету қарастырылған. Бұл өз кезегінде, қызметкерлердің скринингтік зерттеулерден уақтылы өтуін арттыруға мүмкіндік береді.
Скринингтік зерттеулерді өткізудің қағидалары, көлемі, кезеңділігі және скринингтік зерттеулерге жататын адамдардың нысаналы топтары «Скринингтік зерттеулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ осы қарап-тексерулерді өткізудің қағидаларын, көлемі мен кезеңділігін бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрінің м. а. 2020 жылғы бұйрығымен бекітілген. Бұйрыққа сәйкес скринингтік зерттеулер нысаналы жас топтарына сәйкес қатаң және белгіленген мерзімділікпен жүргізіледі.
— Артериялық гипертензияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін, глаукоманы және мінез-құлық қауіп факторларын ерте анықтау 40-76 жастағы ерлер мен әйелдерге (2 жылда 1 рет) өткізіледі. Сүт безі обырын ерте анықтау үшін скринингпен 40-76 жастағы әйелдер (2 жылда 1 рет) қамтылады. Жатыр мойны обырын ерте анықтау үшін скрининг 30-74 жастағы әйелдерге (4 жылда 1 рет) арналған, — делінген ведомствоның Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Бұдан бөлек, колоректальды обырды ерте анықтау үшін скрининг 50-76 жастағы ерлер мен әйелдерге (2 жылда 1 рет) арналған. Жіті ми қанайналымының нашарлауын анықтауға арналған скрининг 50-76 жас аралығындағы ерлерге (2 жылда 1 рет), сондай-ақ В және С вирусты гепатиттерінің скринингі (2-кезең) бұйрықта көрсетілген тәуекел топтарына жататын адамдарға жүргізіледі.
2026 жылға арналған артериялық гипертензия және жүректің ишемиялық ауруына скринингтен 1 842 610 адам өтуі тиіс. Оның ішінде 68 868 адам (96,7%) динамикалық бақылауға алынды.Қант диабетіне скринингінен 1 968 394 адам өтуі тиіс болса, осы тексерудің арқасында 21 484 адам (95,4%) бақылауға қойылды.
— 2026 жылға арналған сүт безі обырына скринингтен өтуі тиіс әйелдер саны — 1 319 853. Оның ішінде 87 864 әйел динамикалық бақылауға алынды. Сонымен қатар, жатыр мойны обырына скринингтен өтуі тиіс әйелдер саны — 969 299. Соның арасында 22 582 әйел бақылаумен қамтылды, — деп аталып өткен комитет ақпаратында.
Шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында көліктік медицина ұйымдастырылды. Республикада кең профильді диагностикалық қызметтер мен мамандарды (профилактикалық скринингтер, консультативтік-диагностикалық қызметтер көрсету, дәрілік заттармен қамтамасыз ету және т. б.) ұсынатын 144 жылжымалы медициналық кешен (ЖМК) жұмыс істейді.
2026 жылдың 2-тоқсанында ел бойынша ЖМК 1 753 елді мекенді қамтып, 684 894 адамды тексерді. Тексеру барысында 49 999 адамда аурулары анықталды. Оның ішінде: жүрек-қантамыр жүйесі — 6 383, сүт безі обыры — 138, қант диабеті — 1 245, Глаукома — 491, балалар аурулары — 6 618, басқа да аурулар — 35 124 адам.
Айта кетейік, Қазақстанда өкпе обырын ерте анықтайтын жаңа скрининг іске қосылды.