Елімде еркін өмір сүріп жатқаным үшін Қазақстан халқына алғыс айтамын – Ұландық сарбаз Банадр Исаев
Қазіргі таңда еліміздің әскери құрылымдарында қазақ тілін жақсы меңгерген өзге ұлт өкілдері жетерлік. Солардың бірі 5571 әскери бөлімінің материалдық және техникалық қамтамасыз ету ротасының сарбазы Банадр Исаев.
Ұлттық ұлан сарбазы 2003 жылы 1 маусымда Шымкент қаласында өмірге келген. Жастайынан көрші қазақ балаларымен ойнап өскен. Олармен араласып, ойнап жүріп қазақ тілін ерте меңгереді. Мектеп жасына жеткенде, қазақша еркін сөйлейтінін байқаған ата-анасы оны қазақ мектебіне берген. 2017 жылы отбасымен бірге Астана қаласына қоныс аударады. Онда да қазақ мектебіне барып, білім ордасын сонда тәмамдайды.
2022 жылдың мамыр айында Банадр әскери борышын өтеу үшін Ұлттық ұлан қатарына шақырылады. Қазіргі кезде әскери қызметті жете меңгерген сарбаз, бөлімдегі үлгілі әскери қызметші, сенімді дос, міндетіне адал жауынгер.
- Өзім көпұлтты отбасында туып, өстім. Нақты айтқанда, отбасымыз украин, әзербайжан, түрік ұлтының өкілдерінен құралған. Отбасымызда барлығымыз дерлік қазақша сөйлесеміз. Көршілеріміздің бәрі қазақ отбасылары болды. Өз елін құрметтейтін, қадірлейтін адам тілді де тез меңгереді. Оңтүстіктің, оның ішінде қазақилықтың иісі аңқып тұрған Шымкенттің топырағы мен ауасы және осы елдің тумасы болғандықтан да тілді меңгеріп алуыма әсер еткен болар. Қазіргі кезде қазақ тілін меңгергеніме қатты қуанамын. Менің тілім де, дінім де, жаным да таза қазақ. Мен өз елімде еркін өмір сүріп жатқаным үшін Қазақстан халқына, отбасымда мені шексіз жақсы көріп бар мейірімімен тәрбиелеген ата-анама, мені қолдап әркез қасымда жүрген достарыма, қаруластарыма және құқықтық тәртіп әскері – Ұлттық ұланға үлкен алғысымды айтамын. Көктемнің алғашқы шуағымен бірге келген Алғыс айту күні мерекесі құтты болсын! Жақындарымызға жақсылық жасап, бір-бірімізге алғыс айтып жүрейік, - деді қатардағы жауынгер Банадр Исаев.
Айта кетейік, Банадр әскерге дейін бала күнінде Кавказ халқының биіне деген құштарлығы оянып, 6 жасынан бастап лезгинка биімен айналысқан. Бидің қыр-сырын жетік меңгерген Банадр 17 жасында Астана қаласында өзінің жеке би залын ашып, осы би түрінен дәріс берген. Сондай-ақ, 18 жасында «Tiktok» әлеуметтік желісінде өзінің лезгинка биімен танымал болды.