Еліміз бойынша денсаулық сақтау нысандарын салуға және күрделі жөндеуден өткізуге алдағы үш жылда 174 млрд 584 млн 653 мың теңге көзделген
АСТАНА. Қазанның 5-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ -Мәжілісте талқыланып жатқан «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында елімізде денсаулық сақтау нысандарын салуға және күрделі жөндеуден өткізу үшін алдағы үш жылда 174 млрд теңгеден астам қаржы көзделіп отыр.
Бұл қаржы шығыстары арнайы бағдарлама бойынша қарастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң жобасында «Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне денсаулық сақтау нысандарын салуға және қайта салуға, Алматы облысының облыстық бюджетіне және Алматы қаласының бюджетіне денсаулық сақтау нысандарының сейсмотұрақтылығын күшейтуге берілетін нысаналы даму трансферттері» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 174 млрд 584 млн 653 мың теңге шығыстар көзделген.
Оның ішінде жылдар бойынша алсақ, қаржының басым бөлігі келесі жылдың үлесіне тиеді. Яғни, 2010 жылы аталған бағдарлама негізінде 95 млрд 748 млн 075 мың теңге шығыстар жұмсалмақшы.
Ал 2011 жылы - 39 млрд 270 млн 368 мың теңге, 2012 жылы 39 млрд 566 млн 210 мың теңге бағытталатыны жоспарлануда.
Айта кету керек, республикалық бюджет жоспарының жобасын талқылап жатқан жұмыс тобының отырысы Мәжілісте ертең, қазанның 6-сы күні (сағат 15-00) өтеді.