«Еліміз қуатты болса, мемлекеттік тілдің болашағы да соншалық шуақты болмақ» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 16 желтоқсан. ҚазАқпарат - - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 16 желтоқсан, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыс болып, онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың сөйлеген сөзінің толық мәтіні «Егемен Қазақстан» газетінде беріліп отыр. «Тәуелсіздік жылдары қазақ халқы - ұлыстың ұйытқысына, қазақ тілі - тұтас ұлыстың ортақ тіліне айналды. Әрине, тіл мәселесі - уақыттың еншісінде. Санның артуы, сананың орнығуымен барлығы өз орнына келеді. Бұл орайда, біздің басты байлығымыз - ел бірлігі екенін ешуақытта ұмытпауымыз керек! Еліміз қуатты болса, мемлекеттік тілдің болашағы да соншалық шуақты болмақ. Дүниеде қазақ деген ел барда қазақ тілі мәңгі жасай береді!!!», - дейді Мемлекет басшысы өз сөзінде.
«Егемен Қазақстан» газетіне ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында бауырлас Түрік елінің Президенті Абдулла Гүлден сұхбат алудың сәті түсті. Сұхбат барысында Түрік мемлекетінің басшысы осы 20 жылдың ішінде Қазақстанның жеткен жетістіктері туралы ықыласпен әңгімелейді. «Қазақстан өзінің тұрақты түрде алға басуының нәтижесінде өз өңіріндегі жетекші мемлекеттердің біріне, халықаралық қоғамдастықтың құрметті мүшесіне айналды. Осы ретте Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін және оның саммитін табысты өткізуін барлығымыздың ортақ мақтанышымыз деп білемін. Елдің халықаралық үдерістердің құрметті қатысушы ретіндегі беделін мұнан кейін, яғни үстіміздегі жылы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына жетекшілік жасауы одан әрі айқындай түсті», - дейді Түркия Президенті. Сұхбат «Түркия - Қазақстан Тәуелсіздігін бірінші болып таныған ел» деген тақырыппен берілген.
***
«2015 жылға қарай «Атасу - Алашанькоу» мұнай құбырының өткізу қуаты 20 миллион тоннаға жеткізіледі», - деп жазады «Айқын» газеті мерекелік санындағы «Мұнай экспорты өсуде» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, кеше, желтоқсанның 15-і күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында тағы бір маңызды жоба іске қосылды. Алматы облысы, Алакөл ауданындағы Үшарал қаласының жанында, «Атасу - Алашанькоу» мұнай құбырының бойынан №11-насостық стансасы қолданысқа берілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың ең жоғары, ең жарқын мысалы деп бағалаған «Атасу - Алашанькоу» мұнай құбырының тасымалдау қуаты осы насостық стансаның іске қосылуымен жылына 12 миллион тоннаға дейін артпақ.
Сенат отырысында Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдаған депутат Мұрат Мұхамедов Желтоқсан көтерілісшілерінің мәртебесін анықтайтын заң қабылдаудың уақыты пісіп-жеткен деген пайымын алға тартқан. Бұл жайында «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Желтоқсандықтардың мәртебесі заңмен белгіленсе...» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. «Соны жасау үшін Үкімет тарапынан арнайы комиссия кұрылып, ол комиссияның құрамына барлық мүдделі топтардың, атап айтқанда, Парламент депутаттары, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура, Еңбек және халықты әлуметтік қорғау министрлігі, Әділет министрлігі, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері енгізіліп, Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтардың саяси-құқықтық мәртебесіне байланысты заңды әзірлеу үшін жан-жақты зерттеулер мен талдаулар жасалуы қажет деп санаймын», - дейді сенатор М.Мұхамедов.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып, «Қазақстан» орталық концерт залында өткен мерекелік концертті тамашалады. Концертте КСРО халық артисі Әлібек Дінішев, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жәния Әубәкірова, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Айман Мұсақожаева, Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаева, сондай-ақ республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары, халық аспаптар оркестрі, би ансамбльдері өнер көрсетті.