Еліміз табиғи жайылымға бай болғанымен оны тиімді пайдаланып отырған жоқ - И.Сауэр
АСТАНА. 17 наурыз. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Еліміз табиғи жайылымға бай болғанымен оны тиімді пайдаланып отырған жоқ.
Бұл пікірді бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен Ет және сүт өндірушілер мен өңдеушілердің екінші форумында ҚР Ет-сүт одағы басқармасының төрағасы Иван Сауэр айтты.
Оның атап өтуінше, мал шаруашылығы саласындағы мемлекеттің жүргізіп отырған саясатының жүзеге асырылуы нәтижесінде, сондай-ақ қабылданған бірқатар салалық бағдарламалардың арқасында жыл сайын мал шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемі тұрақты өсіп келеді. Алдын ала деректер бойынша 2011 жылғы 1 қаңтарда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда барлық ауыл шаруашылығы құрыылмдарындағы көрсеткіш динамикасы оң сипатқа ие. Мәселен, тірі салмақта ет өндіру 3 пайызға артып, 1 млн 646 мың тоннаны құрады. Сүт 1,4 пайызға ұлғайып, 5 млн 341 мың тоннаға жетті. Мүйізді ірі қара мал саны 1,1 пайызға көбейіп, 6 млн. 160 мыңды, қой мен ешкі 2,7 пайызға өсім көрсетіп, 17 млн 840 мыңды, шошқа 2,3 пайызға артып, 1 млн 356 мыңды, жылқы 1,3 пайызға өсім көрсетіп, 1 млн 483 мыңды, құс 1,1 пайызға көбейіп, 33 млн 36 мыңды құрады.
Дегенмен, оның пікірінше, еліміз табиғи жайылымға бай болғанымен оны тиімді пайдаланып отырған жоқ. «Қазақстанда табиғи жайылымдықтар 180 млн. гектарды немесе бір малға 20 гектарды құрайды. Әлемде бұған балама жоқ. Екінші орында келе жатқан елдегі бұл көрсеткіш -13 гектарды құрайды», - деді.
Бұл орайда И.Сауэр жайылымдарды тиімді пайдалану үшін заңнамаға өзгеріс енгізу қажет деп санайды. Өйткені жайылымдықтардың барлығы жеке меншік қолында болып отыр.