Еліміз үшін маңызды жаңа кезеңде Парламентте қай партия жұмыс істейтінін халық айқындауы керек - А. Перуашев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміз үшін маңызды жаңа кезеңде Парламентте қай партия жұмыс істейтінін халық айқындауы керек. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында бесінші сайланған Парламент Мәжілісін тарату және жаңа сайлауды тағайындау туралы ҚР Президентінің атына жолданған Үндеуді талқылау барысында «Ақ жол» партиясы фракциясының төрағасы, депутат Азат Перуашев осылай мәлімдеді.

 Еліміз үшін маңызды жаңа кезеңде Парламентте қай партия жұмыс істейтінін халық айқындауы керек  - А. Перуашев

Сөз барысында депутат Перуашев Мәжілістегі партия фракцияларының бастамасын толық қолдайтынын атап өтті.

«Сайлаушылар өз таңдауын нақтылап, еліміз үшін маңызды жаңа кезеңде Парламентте қай партия жұмыс істейтінін халық айқындауы керек. Қазіргі күні қоғамдағы тұрақтылық, келісім мен экономиканың түйіткілді мәселесін шешу бұрынғыдан да мейлінше өзекті. Кәсіпкерлерге де сілкіністер керек емес. Ал жаңа сайлау өзекті мәселелерге қатысты қоғамдық келісімді нығайтатынына сенім мол. Мәслихаттық деңгейдегі жаңа сайлаулар да қоғамның не күтетінін толық түсінуге жағдай жасайды», деді А. Перуашев.

Фракция жетекшісі кезектен тыс сайлауды көп созбай өткізу аса маңызды екенін айтып, бұның Президент реформаларын сауатты жүзеге асыруға өз септігін тигізетінін алға тартты.

«Бұл ертеңгі күнге деген сенімді нығайтады. Сонымен қатар, жаңа кезектен тыс сайлау ұлттық бизнеске, тұтастай республикаға әсерін тигізетін уақытша қиындықтарды барынша жеңіл өткеруге мүмкіндік береді деп санаймыз. Ал Мәжіліс пен мәслихат сайлауын біріктіріп өткізу бюджет қаражатын үнемдеу тұрғысынан маңызды», деді Азат Перуашев.