Елімізде 1 мыңнан астам қайырымдылық қоры қызмет етеді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде кейінгі 2 жыл ішінде қайырымдылық ұйымдарының саны артқан. Олардың басым бөлігі жетім және ауыр сырқаты бар балаларға қол ұшын созады. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде кейінгі 2 жылда қайырымдылық ұйымдарының саны 20%-ға өсіп, бүгінде олардың 1 мыңнан асты. Қайырымдылық ұйымы санының өсуі – олардың қоғамға қажеттілігі мен маңыздылығының көрсеткіші. Ірі қайырымдылық қорларының әлеуметтік жұмысының ауқымы өте кең. Қолда бар ақпараттарға сәйкес, соңғы жылдары қайырымдылық көрсетудің басым бағыттары жетім (54,31%) және ауыр сырқатқа ұшыраған балаларға көмектесу (48,8%)», - деді Данияр Қадыров елордада өткен «Қазақстан халқына» қорының қорытынды отырысында.

Вице-министрдің мәліметінше, қайырымдылық қорлары балалардан бөлек, мұқтаж жандарға азық-түлік және қаржылай көмек ұсынып келеді.

«Қайырымдылық қорының қолдауымен жаңа мектептер, балабақшалар, оңалту орталықтары, демалыс лагерлері, спорт залдары және басқа да нысандар салынып, әлеуметтік саланың дамуына едәуір үлес қосып жатыр. Мемлекет тарапынан азаматтар арасында қайырымдылықты ынталандыру мақсатында 2015 жылы «Шапағат» медалі тағайындалды. Бүгінде аталған мемлекеттік марапатқа 250-ден астам азамат ие болды», - дейді ол.

Одан бөлек, Данияр Қадыров 2023 жылдан бастап қайырымдылық ісін дамытуға ерекше үлес қосқан азаматтарға құрметті атақ берілетінін тілге тиек етті.

«Біздің министрлік 2018 жылдан бастап жыл сайын елдегі қайырымдылық идеяларын насихаттап, осы бағытты дамытуға үлес қосқан азаматтарды «Жомарт жүрек» сыйлығымен марапаттап келеді. Бүгінгі таңда аталған сыйлыққа 5 номинация бойынша 176 адам ие болды», - деді министрдің орынбасары.


Соңғы жаңалықтар