Елімізде 134 мыңнан астам қылмыстық іс электронды форматта тергеліп жатыр
«Қазіргі таңда 134 мыңнан астам қылмыстық іс электрондық форматта тергеліп жатыр. Бұл сотқа дейінгі тергеу органдарының өндірісіндегі істердің жалпы санының 90 пайыздан астамын құрайды», - делінген Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет мәліметінде.
Кеңес қорытындысы бойынша аталған Комитет төрағасы Сәбит Нұрлыбай электронды форматта қылмыстық істерді тергеудің тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныс айтты.
Осы орайда қылмыстық істерді электронды тергеу жұмысының жай-күйіне ведомстволық бақылауды арттыру жөнінде қосымша шараларды қабылдау ұсынылды.
Электронды істер бойынша қағаз құжаттарды талап етпей, тек электронды форматта Сотқа дейінгі тергеп тексеру тізілімінде процестік шешімдерді келісу және бекіту қажеттілігіне қадағалаушы прокурорлардың назары аударылды.
«Бас прокуратура Жоғарғы сотпен бірлесіп электронды қылмыстық істерді үздіксіз тіркеу мақсатында Сотқа дейінгі тергеп тексеру тізілімі мен «Төрелік» ақпараттық жүйелерінің техникалық өзара іс-қимылы бойынша жұмысты жалғастырады», - деп аталып өткен комитет ақпаратында.
Кеңестің жұмысына Ішкі істер министрлігінің, Бас прокуратураның, Жоғарғы соттың өкілдері, сондай-ақ бұл салаға жауапты қызметкерлер қатысты.
Фото: gov.kz