Елімізде «16 күн әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсылық» атты акция басталды

АЛМАТЫ. 25 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Бүгін Қазақстанда «16 күн әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсылық» атты акция бастау алады. Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз мәслихатында хабарланды.

 Елімізде  «16 күн әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсылық» атты акция басталды

Бүгін - әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою Халықаралық күні басталатын акция 10 желтоқсан - Халықаралық адам құқығы күніне дейін жалғасады. Аталмыш шараны ұйымдастырушылар - БҰҰ Әйелдер қорының (ЮНИФЕМ), Қазақстандағы Дағдарыс орталығының одағы, ҚР Ішкі істер министрлігі.

«Акция еліміздің барлық жерінде өтетін болады. Оның басты мақсаты - халықты, қоғамды әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылыққа назар аударту, мұны насихаттау, ақпараттандыру, сонымен қатар 2009 жылы осы мәселеге қатысты қабылданған заңды жіті түсіндіру болып табылады. Бұл күндері жоғары оқу орындарында, білім алу мекемелерінде дәрістер оқылып, кездесулер өтеді. Емханаларда, адамдар көп шоғырланған жерлерде түрлі шаралар ұйымдастырылатын болады. Бұл мәселеге қатысты «дөңгелек үстел» отырыстары, конференциялар өткізіледі. Алматыда шеру өткізу де жоспарлануда», деді Алматы қаласының ІІД-нің әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасының аға инспекторы Әйгерім Әбілқасымова.

Оның айтуынша, ауылда тұратын әйелдер қала әйелдеріне қарағанда өз құқықтарын білмейді. «Көп жағдайда зорлық-зомбылық көріп жатса да хабарласпайды. Менің оларға айтарым, жедел телефоны Қазақстанның барлық аймағында жұмыс істейді. Хабарласып, тегін құпиялы түрде құқықтық сұрақтар бойынша кеңесті, психологиялық көмекті алуларына болады. Сенім телефонының нөмірі - 1415», деді Ә. Әбілқасымова.