Елімізде 16 мың шақырым су құбыры желісі салынады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде 16 шақырымды құрайтын жаңадан су құбыры желісі салынбақ. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Базалық қызметке теңдей қолжетімділік бағыты бойынша инфрақұрылымдық кешенді дамытуға арналған екі міндет тұр. Соның бірі - тұрғын үйге қатысты «Жайлы тұрғын үй» бағдарламасы. Және екіншісі - «Ауыл – ел бесігі» жобасы. Инфрақұрылым кешенін дамыту аясында ел көлемінде 16 мың шақырымды құрайтын су құбыры желісін салу жоспары бар. Жаңадан салумен қатар қолданыстағы су құбыры желілері қайта жөндеуден өтеді. Яғни 875 шақырымды құрайтын жауын-шашын кәрізі мен арықтар жүйесі қайта жөнделеді. Сол арқылы қалалармен қатар ауылдық елдімекен тұрғындарының таза ауызсу мәселесі шешімін таппақ. Жалпы ел бойынша 3,5 мыңнан астам ауылдың инфрақұрылымы өңірлерді дамытудың стандартына сай қайта жаңғыртылады», - деді Әсет Ерғалиев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, министр 12 мың шақырымды құрайтын инженерлік желінің де қайта жөнделетінін айтып өтті.
Және 10 мың км-дан астам ауыларалық жолдар қайта салынып, 1,5 мың әлеуметтік нысанға жөндеу жүргізіледі.
Бұған дейін Әсет Ерғалиев Ұлттық жоба аясында қазақстандық кәсіпкерлердің шетелде тағылымдамадан өтетінін мәлім етті.
Одан бөлек, еліміздің бас экономисі ұлттық жобалардың орындалу барысы арнайы ақпараттық жүйе арқылы қадағаланатынын айтты.