Елімізде 16 мыңнан астам адам Конго-Қырым қанды безгегіне қарсы егілді
АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат - Елімізде 16 мыңнан астам адам Конго-Қырым қанды безгегіне қарсы егілді. Бүгін брифинг барысында Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің басқарма бастығы Айтмағамбет Жолшоринов осылай деді.
«Эпидемиялық өңірлерде Конго-Қырым қанды безгегі мен кене энцефалитінің алдын алу бойынша шаралар жүргізілуде. Бұл - вакциналау, аумақты өңдеу, халыққа түсіндіру жұмыстары. Кене энцефалитінің алдын алу және оны емдеу үшін препараттардың жеткілікті қоры бар. Ағымдағы жылы вакцинаның 44 мыңнан астам дозасы сатып алынды. Бүгінгі күні 16 мыңнан астам адам егілді», - деді ол.
Оның атап өтуінше, Қызылорда облысында Конго-Қырым қанды безгегінің 2 оқиғасы тіркелген. 2011 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда кененің шағуына байланысты қаралған адамдар саны 15 пайызға төмендеген.