Елімізде 172 өрт депосы құрылысының қажеттілігі туындап отыр - ҚР ТЖМ
АСТАНА. 11 шілде. ҚазАқпарат - 10 жылда мерзімінде жыл сайын кем дегенде 15 өрт сөндіру депосының құрылысын қарастыру керек.
Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ұжымы мен Мәжіліс депутаттарының кездесуі барысында Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Серік Әубәкіров мәлім етті.
«Соңғы 7 жылда өрт сөндіру деполарының 5 ғимараты пайдалануға берілді. Оның ішінде екеуі Астана аумағында, қалған үшеуі Бурабай курорттық аймағында жұмыс істеуде. Алайда, бүгінде 5 мың және одан да көп тұрғындары бар елді мекендер үшін кем дегенде қосымша 172 өрт деполарының құрылысы қажет. Бұл тұрғыда 10 жыл мерзімінде жыл сайын министрліктің бюджетінде кем дегенде 15 депоның құрылысын қарастыру керек»,-деді ол.
Комитет төрағасының сөзіне қарағанда, бір депоның құрылысына орташа есеппен 900 млн. теңге жұмысалатынын ескергенде, бұл бағытта жыл сайын қажетті қаржыландыру көлемі 13,5 млрд. теңге болуы тиіс.
Атап айтқанда, биыл өрт сөндіру деполарының құрылысына 1,9 млрд. теңге көлеміндегі қаржыға қолдау жасалған. Оның ішінде 232,8 млн. теңгесі Астана қаласында және Алматы мен Атырау облыстарындағы 3 депоның құрылысын аяқтауға бағытталмақ.
Айта кетейік, бүгінде өрт сөндіру мен бірінші кезектегі апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін республикада 408 өрт деполары бар.