Елімізде 2,5 мың әскерилердің қатысуымен бригадалық-тактикалық оқу-жаттығулары басталды
АСТАНА. 15 ақпан. ҚазАқпарат - Республиканың оңтүстік өңірінде Құрлық әскерлерінің бригадалық-тактикалық оқу-жаттығулары басталды. Оған «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері тартылды.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқу-жаттығу өткізілетін аумақта барлығы екі жарым мыңнан астам әскери контингент шоғырланды.
Бұл оқу-жаттығудың ерекшелігі - оқу-жаттығу жұмыстары дағдылы дала төсінде ғана емес, қосымша қиыншылықтар тудыратын белгісіз таулы аймақта ұйымдастырылуында.
Бригадалық-тактикалық оқу-жаттығулардың ең күрделі сатыларының бірі түнгі ұрыс қимылдары болмақ. Қараңғылықты пайдалана отырып, шартты түрдегі жау жағы кенет шабуылдауы мүмкін. Мұндайда командирлер бөлімшелерді сауатты басқарып, олардың өзара іс-қимылдарын ұйымдастыра білуі қажет. Осы себептен олардан жоғары кәсібик пен жақсы әскери шеберлік талап етіледі. Жауынгерлік әрекеттерді өткізудің табыстылығы командирлерге байланысты.
Бригадалық оқу-жаттығу шеңберінде барлау бөлімдерінің тактикалық-арнайы жаттығуы өткізіледі. Олар түнгі шабуыл мен торуылдауды жасап, жаудың іс-қимылдарын ежіктейді. Осылайша оқу-жаттығудың жағдайы шынайы соғыс әрекеттеріне барынша ұқсас болады.
Оқу-жаттығудың белсенді сатысында дағдарысты ауданда арнайы операцияға тән бірқатар тактикалық оқиғалар өткізіледі. Олардың ішінде әскери колонналарды сүйемелдеу,
аса маңызды объектілерді күзету, жаудың диверсиялық күштерімен күресу, жаудың қарулы құрамаларын қоршау және жою бойынша әскерлердің іс-әрекеттері пысықталады.
Оқу-жаттығу барысында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы бөлімдері мен құрамаларының бүкіл штаттық техникасы: жаяу әскер жауынгерлік машинасы, бронетранспортерлер, танктер, артиллериялық қондырғылар, атқыш қару-жарақтар қолданылады. Іс-шараға майдан және армия авиациясының қатысуы жоспарланған. Оқу-жаттығуды «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Талғат Қойбақов басқарады.
Осы күндері Мәтібұлақ полигонында бригадалық-тактикалық оқу-жаттығуына даярлық аясында взводтардың жауынгерлік атыстары басталды.