17:26, 06 Маусым 2023 | GMT +5
Елімізде 200 мың тоннаға дейін көкөніс сақтайтын қоймалар салынады
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2025 жылға дейін Қазақстанда бірнеше көкөніс сақтау қоймасы салынбақ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз 2025 жылдың соңына дейін сыйымдылығы 200 мың тоннаға жуық көкөніс қоймаларын салуды жоспарлап отырмыз. Бұл Президенттің тапсырмасы, оны орындауды субсидиялау көлемін ұлғайту есебінен қарап жатырмыз. Көкөніс сақтау орындарының санын ұлғайту бойынша бизнес тарапынан өтінімдерді қабылдаймыз. Осылайша көкөніс сақтау көлемін 20-30% ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», - деді Ербол Қарашөкеев.
Сондай-ақ министр тұрақтандыру қорларының жұмыс механизміне өзгерістер енгізілетінін хабарлады.
«Біз биыл тұрақтандыру қорларының жұмысын форвардтық келісімшартқа қайта бағыттадық. Ендігі уақытта өңірлер фермерлермен форвардтық келісімшарттар жасасып, сол арқылы арзан көкөніске қол жеткізе алады», – деп толықтырды ведомство басшысы.