Елімізде 200 мыңнан астам адам ұлттық спорт түрлерімен айналысады ? Үкімет сағаты
АСТАНА. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Туризм және спорт министрлігі қазақтың ұлттық мұрасы - қазақша күрес, көкпар, тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлерін дамытуға барынша күш салуда.
Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесі болар, қазір елімізде осы спорт түрлерімен 200 мыңнан астам адам айналысады», деді бүгін Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов бүгін Парламент Мәжілісінде туризм мен спортты дамыту мәселелеріне арналған Үкімет сағатында, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Министрдің айтуынша, өткен жылы елімізде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған арнайы спорт клубтары мен өзге де ұйымдардың саны артты. Сонымен бірге қазір республикадағы спорт мектептерінің саны 415-ке дейін көбейіп, онда 226 мың бала дене шынықтыруда.
«Ал дарынды балалар шұғылданатын мектеп-интернаттар саны -15. Онда осы уақытта 4 мыңға жуық бала тәлім-тәрбие алуда. Біз болашақ олимпиада чемпиондарының дайындықтарының осы бастан-ақ жүйелі жүргізілуін қамтамасыз ету үшін 7 республикалық олимпиадалық даярлау орталықтарын құрдық. Жастардың халықаралық жарыстарға дайындығының дұрыс болуын ескере отырып, қазіргі заман талабына сай бірқатар спорттық ғимараттарды да пайдалануға бердік. Олардың арасында Астана қаласында салынған ұлттық теннис орталығы мен Алматы қаласындағы үш залды «Шаңырақ» спорт кешенін атауға болады. Бұл кешенде бокс орталығы мен 50 метрлік жүзу бассейні бар», деді Т.Досмұхамбетов.