Елімізде 2010 жылғы қыркүйектегі бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 78 мың 805 теңгені құрады
АСТАНА. 12 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2010 жылғы қыркүйектегі бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 78 мың 805 теңгені құрады және өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 17,0 пайызға, нақты көріністе - 9,6 пайызға өсті.
ҚР Статистика агенттігінің таратқан мәліметі бойынша, салалық құрылымда ең жоғары жалақы бұрынғыдай қаржы және сақтандыру қызметінде сақталып отыр, бұл салалағылар 148,4 мың теңге жалақы алады, бұл орташа республикалық деңгейден 1,9 есеге асады. Ал кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтегілер - 145,9 мың теңге (1,8 есе), өзге де қызметтер түрлерін ұсынушылар - 127,3 мың теңге (1,6 есе) жалақы алады. Ең төменгі жалақы ауыл, орман және балық шаруашылығындағы қызметкерлерде сақталуда, бұл салалардағылардың айлық табысы орта есеппен 47,5 мың теңге, бұл ел бойынша көрсеткіштен орта есеппен 39,7 пайызға аз.
Өңірлік бөліністе ең жоғары жалақы Атырау облысында сақталуда - 149,4 мың теңге, бұл орташа республикалық көрсеткіштен 1,9 есеге асады. Жамбыл облысында оның шамасы 52,5 мың теңгені құрады, бұл ел бойынша орташа деңгейден 33,4 пайызға төмен.