Елімізде 2020 жылға дейін 1 мың 700 шақырым теміржолды электрлендіру жоспарланып отыр
АСТАНА. Мамырдың 12-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Елімізде 2020 жылға дейін 1 мың 700 шақырым теміржолды электрлендіру жоспаланып отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, қазіргі уақытта еліміздегі теміржолдардың небәрі 28 пайызы ғана электрлендірілген. Бұл көрсеткіш өнеркәсібі дамыған елдердегіден едәуір төмен. Бұл ретте электр тартымының тарифтері тепловозбен тасымалдаудың өзіндік құнының үлесінен 2 есеге төмен көрінеді. «Теміржол учаскелерін электрлендіру жобалары еліміздің энергетикалық жүйесінің дамуына қатысты. Осыған байланысты бірқатар жобаларды жүзеге асыру біршама кейінге шегерілді. Жалпы 2020 жылға дейін 1 мың 700 шақырым теміржолды электрлендіру жоспарланып отыр», деді министр. Оның сөзіне қарағанда, электрлендірілетін теміржол желілерінің ішінде Мақат-Қандыағаш, Мойынты-Ақтоғай, Ақтоғай-Достық, Алматы-Ақтоғай жолдары бар. Бұл пойыздардың жүк көтерімін және учаскелердегі орташа жылдамдықты 15 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, қазақстандық жүктердің өзіндік құнындағы көліктік құрамдауыштар төмендейді.