Елімізде 2020 жылға қарай 2010 жылмен салыстырғанда жалпы ішкі өнімді 15,7 пайызға ұлғайту көзделіп отыр
АСТАНА. Қарашаның 7-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Үкіметтің қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының мақсатты индикаторлары айқындалған,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Үкімет экономиканың өсуі, кіріс деңгейі, жұмыспен қамту және инфляция деңгейі бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың мақсатты индикаторлары Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында жан-жақты көрініс тапқанын мәлім етіп отыр.
Елімізде алға қойылған экономиканың өсу параметрлерін қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылға қарай 2010 жылмен салыстырғанда нақты ЖІӨ-ні 15,7 пайызға ұлғайту көзделуде.
Қазақстанның 2020 жылға қарай ЖІӨ көрсеткіші бойынша жан басына шаққандағы жоғары деңгейлі табысы бар елдердің қатарына кіруін қамтамасыз ету үшін 2014 жылға қарай аталған көрсеткіш 10 мың АҚШ доллары деңгейіне дейін жеткізілетін болады.
Ұзақ мерзімді кезеңдегі инфляция деңгейінің төмендеуіне оның орта мерзімді кезеңдегі 2009 жылдың соңында 8,0-8,5 пайыздан 2014 жылдың соңына 7 пайызға дейінгі деңгейге төмендеуі ықпал ететін болады.
Жұмыссыздық деңгейін 2020 жылға қарай 5 пайыздан аспайтын деңгейде қамтамасыз ету үшін 2010-2014 жылдары оның 7 пайызға дейін төмендеуі жоспарланып отыр.