Елімізде 22 жасырын казиноның көзі жойылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде 22 жасырын казиноның көзі жойылды. Бұл туралы ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы Жанат Элиманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Заңсыз ойын бизнесі саласы көптеген қылмыстық элементтер үшін тартымды және халық үшін теріс әлеуметтік салдары бар. Заңнамаға сәйкес, казинолар мен ойын автоматтары залдарын Қапшағай су қоймасы жағалауы мен Ақмола облысының Щучье ауданында ғана орналастыруға рұқсат беріледі. Осыған орай күш пен құралды барынша тарта отырып, «Стоп ойын« жедел алдын алу шарасы өткізілді», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.

Оның айтуынша, аталған шара барысында 765 заңсыз ойын орнының жол кесіліп, 22 жасырын казино жойылған. Ойын терминалдары, рулетка сынды 12 мыңға жуық зат тәркіленген.

«Германия азаматы Саупе басшылық жасаған ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды. Оған Алматы, Шымкент, Қарағанды, Тараз және Қызылорда қалаларында заңсыз ойын қызметін ұйымдастыру күдігі тағылып отыр. Қылмыстық кіріс сомасы 800 млн теңгеден асып жығылады. Алматыда «PariMatch» букмекерлік кеңсесінің жетекшісі, Украина азамат Кочерга сотталды. Ол заңды қызмет жасаумен қатар покер, бакаара сынды заңсыз онлайн-ойындарға ставка қабылдаған. Мұнан бөлек Profit Betting», «Finbet», «Инбет», «StavkaBet» сынды танымал букмекерлік кеңселердің заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қойылды. Жұмабаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобының 6 мүшесі сотталды. Олар 2 заңсыз ойын орнын ұйымдастырып, 60 сауда нысанында 230 ойын автоматтарын орналастырған«, - деді Жанат Элиманов.

Комитет төрағасының атап өтуінше, аталған көлегейлі саланың жылдық қаржы айналымы сарапшылардың бағалауынша 60 млрд теңгені құраған.

»Бүгінде еліміздің барлық өңірі заңсыз ойын орындарынан тазаланды десек те болады. Бұл тек экономикалық қана емес, әлеуметтік те проблема саналады. Өйткені, ойынқұмарлар ойнауға ақша табу үшін ұрлық жасап, алаяқтық пен кісі тонауға да барып жатады«, - деді ол.


Соңғы жаңалықтар