Елімізде 25 мың 453 үлескердің қатысуындағы құрылысы аяқталмаған 117 нысан қалды

АСТАНА. Сәуірдің 22-cі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2010 жылғы сәуірдің 1-індегі жағдай бойынша елімізде үлескерлердің қатысуындағы құрылысы аяқталмаған нысанның саны 117-ні құрап отыр. Бұл нысандарға 25 мың 453 үлескер қатысқан.

Елімізде 25 мың 453 үлескердің қатысуындағы  құрылысы аяқталмаған  117 нысан қалды

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен дөңгелек үстел барысында Құрылыс істері және тұрғын үй -коммуналдық шаруашылығы агенттігінің төрағасы Серік Нокин осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бүгінгі күні үлестік құрылысты қолдау жөніндегі жұмыстар жалғасып келеді. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө. Шөкеевтің жетекшілігімен тұрақты негізде жұмыс тобы қызмет етуде. Осыған ұқсас жұмыс топтары үлестік құрылыстар қамтылған еліміздің барлық өңірлерінде құрылған. Жұмыс топтары әрбір нысандар бойынша үлестік құрылыстың жүзеге асуына кедергі факторларды әшкерелеп, олардың себебін анықтайды, нақты шешімдер қабылдайды. Сонымен бірге, құрылыс-монтаждау жұмыстарының мониторингі мақсатында Агенттік Астана мен Алматы қалаларында апта сайын бақылау жұмыстарын жүргізеді. Бұндай нысандардың 90 пайызы үлестік құрылыс нысандары болып отыр», деді С. Нокин.

Оның айтуынша, Үкімет қабылдаған шаралар нәтижесінде 2010 жылғы сәуірдің 1-індегі жағдай бойынша қазір 25 мың 423 үлескердің қатысуындағы 117 нысанды аяқтау қалып отыр. Ал 2007 жылдың төртінші тоқсанында бұндай үлескерлердің қатысуындағы проблемалы нысандардың саны 450-ді құраған және ондағы үлеске қатысушылардың саны 62 мың 889 адам еді. «Қазіргі жағдай бойынша Астанада 12 мың 181 үлескерлердің қатысуындағы 59 нысан, Алматыда 7 мың 657 үлескердің қатысуындағы 28 нысан, Ақмола облысында 2 мың 197 үлескердің қатысуындағы 2 нысан, Алматы облысында 2 мың 489 үлескердің қатысуындағы 9 нысанның жұмысын аяқтау көзделіп отыр», деді С.Нокин.