Елімізде 35 мыңға жуық жетім бала болса, соның 85,5 пайызы баспанаға қол жеткізе алмай жүр

АСТАНА. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстанда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар саны 34 785-ті құрайды. Осы 35 мыңға жуық баланың 85,5 пайызы, яғни 29 мың 382-ісі баспанаға қол жеткізе алмай жүр. Бұл туралы бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйге құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында мәлім болды.

Елімізде 35 мыңға жуық жетім бала болса, соның 85,5 пайызы баспанаға қол жеткізе алмай жүр

Білім және ғылым вице-министрі Саят Шаяхметовтің айтуынша, бүгінгі таңда елімізде 21 736 жетім бала қамқоршылыққа алынып, отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. Оның ішінде 4 287 баланың бекітілген тұрғын үйі бар болса, 9 174 бала баспана кезегінде тұр. Патронаттық тәрбиедегі 2 162 баланың 420-сының тұрғын үйге қолы жетсе, осындай тәрбиедегі 1 068 бала баспанадан үміттеніп, әлі кезек күтуде. Ал балалар үйінде тұрып жатқан 10 887 баланың тек 696-сы ғана баспаналы болса, 8 168 бала үй кезегіне қойылған.

«Сонымен қатар, соңғы жеті жылда, яғни 2006 жылдан бері жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың 784 түлегі ғана баспаналы болды. Ал осы жылдары жетімдер үйінен барлығы 14 376 бала тәрбиеленіп шыққан болатын. Оның 6091-і кезекке қойылды», - деді вице-министр.