Елімізде 4 млрд. теңгенің тауарлары дүкен сөрелерінен алынып тасталды

АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - Барлық түрлі тексерістердің нәтижелері бойынша сапасы төмен, таңбалаусыз және сәйкестік сертификаттары жоқ 4 млрд. 415 млн. 397 501 теңге сомасындағы түрлі өнімнің 16 936 партиясын іске асыруға тыйым салынды.

Елімізде 4 млрд. теңгенің тауарлары дүкен сөрелерінен алынып тасталды

Бұл туралы бүгін ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасы Рыскелді Сәтбаев мәлім етті.

Оның айтуынша, Техникалық реттеу және метрология комитеті 2012 жылда түрлі нысандағы жеке меншіктің шаруашылық субъектілерінде өлшем құралдардың жағдайын және пайдаланылуын, техникалық регламенттер талаптарының сақталуына орай 4 584 тексеріс жүргізді, олардың нәтижесі бойынша 2 726 жағдайда (59,5 %) бұзушылықтар анықталды.

«Мемлекеттік талаптарды бұзған тұлғалар 162 млн. 933 теңге сомасына әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ҚР Мемлекеттік өлшемдер жүйесінің тізіліміне енгізілмеген және салыстырып тексерілмеген 17 567 бірлік өлшем құралдарын пайдалануға тыйым салынды. Барлық түрлі тексерістердің нәтижелері бойынша сапасы төмен, таңбалаусыз және сәйкестік сертификаттары жоқ 4 млрд. 415 млн. 397 501 теңге сомасындағы түрлі өнімнің 16 936 партиясын іске асыруға тыйым салынды», - деп атап өтті ол.

Тексеріс барысында анықталған негізгі бұзушылықтар сәйкестікті міндетті растауға жататын өнімдерді сәйкестік сертификатынсыз, таңбалау жөніндегі техникалық регламенттердің, нормативтік құжаттардың талаптарынсыз және техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімдерді іске асыру болып табылады.

Комитет басымды деп белгіленген барлық өнімдерге мемлекеттік бақылау жүргізеді - бұлар тамақ өнімдері, ойыншықтар, мұнай өнімдері, электротехникалық бұйымдар және жеңіл өнеркәсіп өнімдері.