Елімізде 45 мыңнан астам қарт арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда егде жастағы 45 мыңнан астам жан мемлекет тарапынан көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Хабарламада айтылғандай, егде жастағы қазақстандықтарды қолдаудың бір тетігі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету.

Министрліктің мәліметінше, бүгінгі таңда 45 мыңнан астам қарт АӘҚ-мен (арнаулы әлеуметтік қызмет) қамтылған. Қарттарға арналған қызметтер қатарында 45 стационарлық үлгідегі ұйымда (медициналық-әлеуметтік мекемелер) және 43 жартылай стационарда (күндіз болу бөлімшелері және оңалту орталықтары) ем алу жатады.

Сондай-ақ, еліміз бойынша 357 әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 136 үкіметтік емес ұйым қазақстандық қарттарды өз қамқорлығына алған.

«Әлеуметтік қызмет көрсету мекемелері 8 қызмет түрін ұсынады. Атап айтқанда, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық және әлеуметтік-медициналық қызмет түрі бар. Әлеуметтік қызметкерлер аптасына кемінде 2 рет көмек алатын қарттардың үйіне барып тұрады. Біздің мамандар егде жастағы азаматтардың жағдайын біліп, оларға қол ұшын созады. Сонымен қатар Үкімет тарапынан көрсетілетін көмектерді ұсынып, қызмет көрсетеді», – деді аталған министрлікке бағынысты Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры Асқар Ниязов.


Соңғы жаңалықтар