Елімізде 500-ден астам бейбіт митинг өтті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен жылы елімізде бейбіт митинг өткізу туралы заң қабылданды. Аталған заң аясында ел азаматтары қоғамды толғандырған түрлі мәселені көтеріп, бейбіт шеру ұйымдастырып жатыр. Осы орайда 2020 жылдың маусымынан бүгінге дейін елімізде 500-ден астам бейбіт митинг өтіпті.
Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2020 жылға дейін елімізде жылына шашамен 10 митинг өтсе, әрі кетсе 30 митинг дейікші. Бүгінде митингке қатысты заң қабылданып, оны өткізу мемлекеттік деңгейде шешілді. Оны өткізу форматы да нақтыланды. 2020 жылдың маусымынан бүгінге дейін 1 жылдың ішінде елімізде 500-ден астам бейбіт митинг өтіпті. Бұл жаңа заңның жемісі яғни азаматтарымыз өз ойы мен талабын еркін жеткізе алады. Сонымен қатар біз аймақтар бойынша бақыладық, қай өңірде қандай митинг өтуде және нені меңзеп жатыр деген секілді. Елімізде өтіп жатқан бейбіт шерудің дені әртүрлі, экологиялық мәселелерден бастап, мемлекеттік саяси реформаларға дейін қамтиды», - деді Ерлан Қарин.
Еске сала кетсек, «Қазақстанда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы өткен жылдың мамыр айында қабылданды.
Заңда бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы мен қатысушының құқықтары мен міндеттері толыққанды қарастырылған.
Айта кетейік, бүгін елордада Президент кеңесшісі еліміздің белсенді жастарымен Мемлекет басшысының Жолдауы мен елде асып жатқан саяси және қоғамдық реформаларды ортаға салып жатыр.