Елімізде 664 мектепте ғана интернет жылдамдығы ХЭБО ұсынымдарына сай

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде 664 мектепте ғана интернет жылдамдығы Халықаралық электр байланысы одағының ұсынымдарына сәйкес келеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде 664 мектепте ғана интернет жылдамдығы ХЭБО ұсынымдарына сай

«Бүгінгі таңда еліміздің 7 098 мемлекеттік мектебінің ішінде 7 078 мектеп интернет желісіне әртүрлі технологиялармен қосылған. Оның ішінде талшықты-оптикалық байланыс желілері, жерсеріктік технологиялар, радио-релелік желі, сондай-ақ ADSL технологиясы бар. 664 мектепте интернет жылдамдығы Халықаралық электр байланысы одағының ұсынымдарына сәйкес келеді. 6 414 мектепте Интернет жылдамдығын Халықаралық электорбайланыс одағының ұсынымдары деңгейіне жеткізу қажет», - деді ол.

Вице-министрдің атап өтуінше, Халықаралық электр байланысы одағы бір мектепке кемінде секундына 20 Мегабит жылдамдықты ұсынады. Бұл жағдайда жүктеп алу жылдамдығы кемінде секундына 20 Мегабит, ал жүктеу жылдамдығы секундына 5 Мегабит болуы тиіс. Ал оқушылар саны 400-ден асатын мектептер үшін қосымша әрбір 20 оқушыға кемінде секундына 1 Мегабит жылдамдық ұсынылуы қажет.

«2 833 мектепте интернетке қол жеткізу жылдамдығын Халықаралық электр байланысы одағы ұсынымы деңгейіне дейін арттыру үшін техникалық мүмкіндік бар. Бұл үшін жыл сайын шамамен 10 млрд теңге керек. Қазіргі уақытта барлық мектептегі интернет желісіне қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін төленетін қаражат көлемі 6,5 млрд теңгені құрайды. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, жергілікті атқарушы органдарға мектептерде интернет жылдамдығын арттыру үшін қажетті қаражат бөлуді қамтамасыз етуді тапсыруды мақсатқа сай деп есептейміз», - деді Асхат Оразбек.