Елімізде 687,5 мың адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен
АСТАНА. 18 қыркүйек. ҚазАқпарат -Статистика агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, үй шаруашылықтарын зерттеу деректері бойынша Қазақстан Республикасындағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен халықтың үлесі 2012 жылғы 2 тоқсанда 4,1 пайызды (687,5 мың адамды) құрады.
Бұл өткен жылғы тиісті кезеңнен 1,8 пайыздық тармаққа төмен.
Ауылдық жердегі табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі қалалық жердегі табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесінен 3 есеге дейін артып, 6,4 пайызды, яғни 487,3 мың адамды құрады. 2012 жылғы 2 тоқсанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың басым үлесі Жамбыл (7,6 пайыз), Оңтүстік Қазақстан (6,9 пайыз) және Солтүстік Қазақстан (5,9 пайыз) облыстарына келеді. А ең аз үлесі Алматы (0,5 пайыз), Астана (1,1 пайыз) қалаларында және Қарағанды және Ақтөбе облысында (2,6 пайыз) байқалады.