Елімізде 9 млн. гектар жер пайдаланылмай бос тұр - Елбасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде 9 млн. гектар жер пайдаланылмай бос тұр. Бүгін Ақордада қайта жасақталған Үкіметтің алғашқы кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

Елімізде 9 млн. гектар жер пайдаланылмай бос тұр - Елбасы

Еске салайық, жиын барысында Елбасының сайлау алдында жариялаған бес халықтық реформасын жүзеге асыру мәселелері талқылануда.

«Бес реформа аясындағы маңызды бағыт - индустияландыру мен экономикалық өсім. Бұл ретте реформалар экономикалық қатынастардың кең ауқымын қамтуы керек. Ол табиғи ресурстардан басталып, табиғи монополиялармен аяқталады»,- деді Н. Назарбаев.

Сонымен қатар, Елбасы Қазақстанда ауыл шаруашылығы еліміздің тарихи басымдығы екенін жеткізді. «Алайда, жер қатынастарын реттеудің тиімсіздігі, оның ескіруі жерге қатысты әлеуеттің бәрін шектеп отыр. Жақында жүзеге асқан жерді түгендеу (инвентеризация) барысында еліміздегі 9 млн. гектар жердің пайдаланылмай бос тұрғаны анықталды. Бүкіл әлемде азық-түлікті қалай өсіреміз деп жанталасса, бізде тоғыз миллион гектар айналымнан шығып қалған», - деді Мемлекет басшысы.