Елімізде адам құқығы саласындағы Ұлттық іс-қимыл жоспары ұсыныстарының 30 пайызға жуығы орындалды
АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елімізде адам құқығы саласындағы Ұлттық іс-қимыл жоспары ұсыныстарының 30 пайызға жуығы орындалды.
Бүгін елордада өтіп жатқан ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңындағы Шолу конференциясының Үкіметтік емес ұйымдары форумында сөз алған ҚР Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев осындай пікір білдірді.
«Ағымдағы жылғы 1 қарашадағы жағдайға сәйкес, адам құқығы саласындағы Ұлттық іс-қимыл жоспары ұсыныстарының 30 пайызға жуығы орындалды. Ұлттық іс-қимыл жоспарына сәйкес Халықаралық бала асырап алу туралы Гаага конвенциясы, сондай-ақ ТМД елдерінен еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің құқығын қорғау туралы конвенция ратификацияланды», - деді Т.Әбішев.
Комиссия хатшысы өз сөзінде елімізде гендерлік саясат саласындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы, сондай-ақ ерлер мен әйелдер үшін тең құқықтар мен мүмкіндіктер туралы заңдардың қабылданғандығын атап өтті. Сонымен қатар, барлық өңірлерде облыстық әкімдіктер мен мәслихаттардың және республикалық маңызы бар қалалардың сандық кітапханасы кезең-кезеңімен енгізіліп жатқандығын баса айтты.
Сөзін қорытындылай келе Т.Әбішев мемлекеттік органдарға комиссияның бірқатар ұсыныстарын жария етіп, адам құқығы саласындағы ұлттық жоспар әзірлеу жөніндегі комиссияның тәжірибесін қабылдауға кеңес берді.