Елімізде алаяқтықтан өзге қылмыстар деңгейі төмендеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде 2014 жылдың өткен кезеңінде 293 899 (305750) қылмыс тіркеліп, оның 3,9 пайызға төмендегені байқалады. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің соңғы мәліметтерінде хабарланған.

Елімізде алаяқтықтан өзге қылмыстар деңгейі төмендеді

Қылмыстың құрылымына қарай алатын болсақ, ауыр емес қылмыстардың үлесі - 35 377 немесе 12 пайызды, ауырлығы орташа қылмыстар - 232 027 немесе 78,9 пайызды құрады, ал ауыр қылмыстар - 24 591 немесе 8,4 пайыз, аса ауыр қылмыстар -1 904 немесе 0,6 пайыз болып отыр. Жалпы барлық қылмыс санаттары бойынша қылмыстың төмендеуі байқалады, тек қана алаяқтық қылмыстың өсу үрдісі тұрақты түрде сақталып, 3,8 пайыз деңгейінде қалыптасты. Мәселен, аса ауыр қылмыстар - 19,3 пайызға (2 359-дан 1 904-ке), ауыр қылмыстар - 18,1 пайызға ( 30 013-тен 24 591-ге), ауырлығы орташа қылмыстар - 1,8 пайызға (236 178-ден 232 027-ге), ауыр емес қылмыстар - 4,9 пайызға (37 200-ден 35 377-ге), оның ішінде кісі өлтіру қылмысы -19,5 пайызға (969-дан 780-ге) төмендеді. Сонымен қатар тонау - 24,8 пайызға (16 293-тен 12247-ге) және қарақшылық - 35,3 пайызға (1 229-дан 795-ке) азайды. Еліміздің 4 өңірінен бөлек, қалған барлық аймақтарында қылмыстылықтың төмендегені байқалады. Атап айтқанда, оның Астана қаласында - 1,6 пайыз, Алматы қаласында -13,1 пайыз, Батыс Қазақстан облысында - 2,5 пайыз және Оңтүстік Қазақстан облысында - 8,9 пайыз деңгейінде өсімі орын алды.