Елімізде алғаш рет қазақ операсының антологиясы шығарылды

Ең бастысы, олар әсем ән тыңдап қана қоймай, опера әншілерінің құнды мұрасы жинақталған антологиямен танысуға үлкен мүмкіндік алды.
Шілде айының 9 жұлдызында, қазақстандық опера өнері үшін тарихи күні Елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Мирас» қоғамдық ұлттық мәдени қоры» Қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Қазақ операсының аңыздары» атты концерт-презентациясы өткен болатын. Аталмыш жоба КСРО халық артисі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегеновамен тікелей қатысуымен әзірленген.
«Қазақ операсының жұлдыздары» атты коммерциялық емес концерт-жобасының негізгі мақсаты - опера әншілерінің шығармашылығын түгендеп, жас ұрпаққа классикалық музыканы насихаттау. Оның тарихи миссиясы да бір бөлек. Іс-шараның басы-қасында жүріп, негізгі идеясын ұсынған авторы Бибігүл Төлегенова бұндай жобаның Қазақстанда бұрын - соңды болмағандағын баса айтып кетті. Расымен, бұған дейін опера әншілерінің барлығының бірдей шығармашылығы мен суреттері, әндері бір антологияға жинақталған емес. Сол себепті осы кем-кетіктің орнын толтыру - бүгінгі ұрпақ парызы болмақ.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауларында айтқандай, өркениетті отыз елдің қатарына қосылып, «Мәңгілік Ел» болу үшін біздің де мәдени талғамымыз сол дамыған мемлекеттердің халқымен тең дәрежеде болуға тиіс. Яғни, халқымыз мәдениеттегі жақсы мен жаманды, шынайы көркемдік пен халтураны, жетістік пен кемшілікті толық ажыратып, дұрыс бағалай білуі керек.
Қазақстандық опера сахнасында ұлт мақтанышына айналған, келер ұрпаққа үлгі бола алған көрнекті тұлғалар аз емес. Олардың есімдері әлемге әйгілі КСРО Халық әртістері. Атап айтсақ: Күләш Байсейітова, Роза Бағланова, Ришат Абдуллин, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Роза Жаманова, Әлібек Дінішев. Бұл бұлбұл дауысты, күміс көмей, жез таңдай әншілеріміздің есімдері тарихта алтын әріптермен жазылды.
«Қазақ операсының жұлдыздары» атты жобаның тағы бір ерекшелігі - опера тарихында ойып тұрып орын алатын тұлғалар туралы архивтерден алынған құнды деректер, фотосуреттер мен олардың дауысы жазылған видеоматериалдар сандық технологияға көшіріліп, CD, DVD дисктерге жинақталды. Яғни, бір ғана антологиялық жинақта жеті бірдей қазақстандық опера өнерінің шеберлері, КСРО халық артистерінің өмір-дерегі, шығармашылығы қамтылды. Жан-жақта шашылып жүрген құнды дүниелер жинақталды. Әр орындаушыға бір дисктен, яғни опера әншілерінің әндері жазылған антология 7 аудиодисктен, сонымен қатар, олардың концерттік, өзге де видеолары бар 7 DVD-диск пен буклеттен тұрады.
Ұйымдастырушылардың сөзіне сүйінсек, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде еліміздің беделін айқындай түсетін қазақстандық классикалық музыка кеші отандық мәдениетті жаһандық әлемге таныту үшін үлкен маңызға ие. Іс-шара қазақ операсының аңыздары арқылы тәуелсіз Қазақстанның бай мәдениетін танытуға, қазақ халқының жоғарғы орындаушылық шеберлігін әлемдік қауымдастыққа көрсетуге өзіндік үлесін қоспақ.
Жобаны ұйымдастырушы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Мирас» қоғамдық ұлттық мәдени қоры» қоғамдық қоры. Ақпараттық демеуші - KAZAKH TV және СТВ телеарналары.