Елімізде алғаш рет науқасқа жасанды жүрек салу отасы жасалады

АСТАНА. 20 қазан. ҚазАқпарат - Елімізде алғаш рет науқасқа жасанды жүрек салу отасы жасалады.

Елімізде алғаш рет науқасқа жасанды жүрек салу отасы жасалады

Бұл туралы бүгін елордада ұйымдастырылған баспасөз мәслихаты барысында «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары, ҚР денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас хирургі Махаббат Бекбосынова мәлім етті.

«Біз ағымдағы жылдың қарашасында жасанды жүректі имплантациялауды жүзеге асырамыз. Қазіргі уақытта науқасты әзірлеу үстіндеміз», - деді ол.

Оның атап өтуінше, жалпы таяуда ғана өз жұмысына кіріскен орталықта жүрекке ота жасауға арналған 6 зал толығымен жабдықталып, науқастарды қабылдауға дайын. Олардың әрқайсысы күніне 2 науқастың жүрегіне ота жасауға қауқарлы. Демек медициналық мекеме жылына 3,5 мың жүрек дертіне шалдыққан адамды емдеуге шамасы жетеді.

Сонымен қатар аталған орталықтың басқарма төрағасы Юрий Пяның атап өтуіне қарағанда, медициналық мекеменің дәрігерлері келесі жылдан бастап робот хирургтармен жұмыс істеуге жан-жақты дайындық жасауда. Қажетті роботтарды олар келесі жылы сатып алмақ.

Айта кетейік, 18 қазан күні аталған орталықта алғаш рет жүрекке ота жасалған болатын. Операция туа біткен жүрекше аралығындағы кемшілігі бар 6 жастағы қызға жасалған-ды. Қызға ота жасаған аталған орталықтың балалар хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас балалар хирургі Дмитрий Горбуновтың атап өтуінше, науқастың хал-жағдай жақсы.