Елімізде ана мен бала өлімі айтарлықтай азайып келеді - Денсаулық сақтау министрлігінің алқа мәжілісі
АСТАНА. 1 қыркүйек. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда биылғы жылдың жартысында республикада ана өлімі 1,8 есеге, ал бала шетінеуі 12,9 пайызға кеміген.
Денсаулық сақтау министрлігінің алқа мәжілісінде келтірілген мәліметтер осындай. Бұл мәліметтерді бүгін министрліктің баспасөз қызметі таратты.
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, Үкімет пен министрлік деңгейінде қолға алынған кешенді шаралар құрт ауруы мен жаңа ауру түрлерінен мерт болған адамдар санының қысқаруына ықпал етті. Сондай-ақ түрлі деңгейдегі дене жарақаттары мен улану оқиғалары 11 пайызға кеміп, жарақаттың салдарынан мерт болу жағдайлары 5,4 пайызға азайған. Ал республика көлемінде енгізілген Ұлттық скринингтеу бағдарламасы бойынша биылғы жылдың жартысында 856 мың 900 ересек адам арнайы тексеруден өткен. Осы тексерулер барысында 84 мың 500 түрлі дерттер анықталған. Сырқаты анықталған барлақ азаматтар емделуге жіберіліп, арнайы диспансерлік есепке қойылды.
Естеріңізге сала кетейік, алқа мәжілісі барысында Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері 2011-2015 жылдарды қамтитын «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының биылғы жартыжылдықтағы жүзеге асырылуы мен оны алдағы жартыжылдықта дамыту мәселесі талқыланды. Отырыс барысында аталмыш бағдарламалар бойынша кешенді шаралар атқарылғандығы айтылды. Бұны денсаулық сақтау саласындағы жемісті көрсеткіштер растап отыр.