Елімізде артық жүк тиегені үшін жауапкершілік күшейтілді - ҚР ККМ
АСТАНА. 5 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстанда рұқсат етілген параметрден артық жүк тиегені үшін жауапкершілік күшейтілді. Осыған орай, «Автомобиль көлігі туралы» ҚР заңына тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бұл өзгертулер мен толықтырулар ауыр жүк көліктерінің автомобиль жолдарына тигізер залалынан қорғау және оның орнын толтыруды қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп отыр. Бұл туралы ҚР ККМ баспасөз қызметінен хабарланды.
Сондай-ақ, автомобиль көлігін бақылау саласында қозғалыс барысында салмақ габаритін бақылаудың автоматтандырылған жүйесін енгізу жөнінде өзгерістер енгізілді. Сол арқылы жол бойында автокөлік құралдарын қайта-қайта тоқтату мен тексеруді доғару қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге отандық тасымалдаушылардың тасымал үдерісіне қатысу үлесін арттыру үшін шетелдік тасымалдаушыларға транзиттік рұқсат ету бланктерін сату тоқтатылды. Шетелдік автокөлік құралдарының екіжақты рұқсат құжаттарын алмасу туралы келісім жасамаған мемлекеттер арқылы транзиттік жүріп өтуі 2014 жылғы 1 қаңтарда күшіне енетін транзиттік жүріп өту құжаты негізінде жүзеге асырылатын болады.
Рұқсат құжаттарын уақытында, әрі объективті бөлу және оның айқындылығы мен қайта сатуды болдырмауды қамтамасыз ету мақсатында отандық тасымалдаушыларға шетелдік рұқсат беру бланктерін автоматты түрде үлестіру жүйесін пайдалану нормасы енгізілді. Ендігі жерде рұқсат құжатын алуға өтініш egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы беріледі, ал дайын құжатты тек Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алуға болады. Бұл тасымалдаушылардың көліктік инспекторлармен өзара әрекетін болдырмауға және өтінішті қарау уақытын 1 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
Ауыр жүк көліктері мен ірі габаритті жүктерді тасымалдауға рұқсатты ендігі жерде өткізу пункттерінде Кедендік орган да беретін болады. Бұл норма шетелдік тасымалдаушылардың көліктік бақылаудың аймақтық инспекцияларынан рұқсатты алу кезінде шекараны кесіп өту қажеттілігін болдырмау мақсатында қабылданған болатын.
Шетелдік тасымалдаушылардың ҚР заңнамасы мен Халықаралық келісімдерді сақтауын қамтамасыз ету мақсатында ҚР автомобиль тасымалының рұқсат жүйесін халықаралық бағытта қолдану ережесін бұзғаны үшін айыппұл санкциялары да енгізіліп отыр. Мысалы, шетелдік жеке немесе заңды тұлғалардың ҚР аумағында халықаралық автомобиль тасымалын арнайы рұқсат құжатынсыз жүзеге асырғаны үшін автокөлік құралдарының иелеріне салынатын айыппұл көлемі 25 АЕК (айлық есептік көрсеткіш), ал автокөлік иесі болып табылатын компаниялар үшін 500 АЕК құрап отыр.
Бұдан басқа, рейс алдындағы техникалық байқаудан өтпеген автокөлік құралдарын рейске қосқан, рейс алдында арнайы медициналық бақылдаудан өтпеген жүргізушілерге рұқсат берген, қауіпті жүктерді тасымалдауға арнайы рұқсаты жоқ немесе тасымалдау ережесін бұзғаны және т.б. үшін салынатын айыппұлдар заңмен қарастырылған.
Сондай-ақ, ірі габаритті және ауыр жүк көліктерінің жүкті рұқсат етілген параметрден артық тиегені үшін және арнайы рұқсат құжатынсыз жүріп өткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту да қарастырылған. Бұл жағдайда жеке кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға салынатын айыппұл көлемі 200 АЕК, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғалар үшін 500 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғалар үшін 1000 АЕК құрайды.
Республиканың көлік туралы заңын жүйелі түрде бұзғаны үшін жеке тұлғалар 6 айға дейін көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылып, көлік құралын пайдалануға жауапты тұлғаларға 25-тен 30 АЕК көлемінде айыппұл салынатын болады.
«Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексі» көліктік бақылау органдарының шетелдік компанияларға тиесілі көлік құралдарын әкімшілік шара қолдану туралы қаулы қабылданғанға дейін көлік құралдарын көліктік бақылау инспекциясы жанындағы арнайы алаңмен уақытша қамтамасыз ету арқылы тоқтата тұру туралы нормамен толықтырылған.
Бұдан басқа, 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап автомобиль көлігімен халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыруға рұқсат куәлігін немесе оның телнұсқасын беру кезінде айлық есептік көрсеткіштің 25 пайызын құрайтын мөлшерде баж салығы салынатын болады.
Бұл шаралар жолдардағы қауіпсіздікті күшейтуге, көліктік бақылау саласындағы мемлекеттік бақылудың тиімділігін арттыруға, әкімшілік кедергілерді болдырмауға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.