Елімізде астық дақылдарының ауруларына қарсы химиялық өңдеулер жүргізуге 2,7 млрд. теңге бөлінді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде астық дақылдарының ауруларына қарсы химиялық өңдеулер жүргізуге 2,7 млрд. теңге бөлінді. Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сақташ Қасенов мәлім етті.
Оның атап өтуінше, елімізде дәнді дақылдарға қауіпті 300-ден аса зиянкес бар. Мәселен, арамшөптерді дер уақытында уламаса, онда олар астық шығымын кемінде 2 есеге төмендетеді. Ал биыл жауын-шашынның мол түсуі себепті дәнді дақылдардың қоңыр тот пен септориоз аурулары бой көрсете бастады. Олар бидай, арпа, сұлы өсірумен айналысатын Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарына қауіп төндіріп тұр.
«Біз жылына 2-2,5 млн. гектар алқапқа ауру таралу мүмкіндігін болжайтынбыз. Ағымдағы жылы да 2,5 млн. гектарды болжадық. Оның ішінде зиянкестерден улайтын көлем - 1,8 млн. гектар. Астық дақылдарының ауруларына қарсы химиялық өңдеулер жүргізуге 2,7 млрд. теңге бөлінген», - деді ол.
С. Қасеновтің атап өтуінше, егістікті аурулардан қорғау үшін 87 бүріккіш техника жұмылдырылған. Оның 41-і ұшақ, ал 46-сы - аэрозольді генератор.