Елімізде ауаға бөлінетін зиянды қалдықтардың 30 пайызы Павлодар облысына тиесілі - министр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Республика бойынша Павлодар облысы ластаушы заттар шығарындылары бойынша антилидер болып саналады. Бұл туралы аталған өңірдің тұрғындарымен кездескен Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Павлодар өңірі ластаушы заттар шығарындылары бойынша антилидер болып саналады. Республика бойынша зиянды шығарындылардың жалпы көлемінің шамамен 30 пайызы немесе 730 мың тоннасы Павлодар облысына тиесілі. Экологиялық мониторинг нәтижелері бойынша Павлодар қаласының атмосфералық ауасының ластану деңгейі жоғары, ал Екібастұз және Ақсу қалаларында төмен деп сипатталады. Ауаға ластаушы заттар шығарындылардың ең көп көлемі отын-энергетика кешені (65,4 пайыз), металлургия (26 пайыз) және мұнай-химия (3,2 пайыз) кәсіпорындарына тиесілі. Біз облыстың экологиялық проблемаларына талдау жасадық. Нәтижесінде өнеркәсіптік кәсіпорындардан атмосфералық ауаның ластануы, қалдықтарды басқарудың жетілмеген жүйесі және ескірген кәріз тазарту құрылғылары немесе олардың мүлдем болмағанын анықтадық», - деді Серікқали Брекешов.

Министрдің сөзінше, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында 5 жыл ішінде Павлодар облысындағы 2 ірі кәсіпорынның шығарындыларын 39 мың тоннаға қысқарту көзделген. Атап айтқанда, Павлодар мұнай-химия зауытында 2025 жылға дейін ауаға бөлінетін зиянды қалдықтар көлемін 34 пайызға, ал алюминий зауытында 26 пайызға төмендету жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар