Елімізде аурулардың алдын алуға бағытталған маңызды жобалар қолға алынады – Мәулен Әшімбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Facebook желісінде пост жариялап, елімізде аурулардың алдын алуға бағытталған маңызды жобалар қолға алынатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елімізде аурулардың алдын алуға бағытталған маңызды жобалар қолға алынады – Мәулен Әшімбаев

«Кеше әріптестерімізбен бірге Ұлттық нейрохирургия орталығына бардық. Ұжыммен кездесіп, Орталықтың жұмысымен таныстық.

Медицина қызметкерлерінің саламатты ұлт, сапалы адами капитал қалыптастырудағы рөлі зор. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл саланың әлеуетін арттыруға үнемі баса мән беріп келеді.

Президентіміздің тапсырмасы бойынша бүгінде еліміздегі медицина қызметкерлерінің жалақысы тұрақты түрде өсіп отыр. Келер жылдан бастап дәрігерлердің еңбекақысы тағы 30 пайызға ұлғаяды. Сондай-ақ алдағы жылдары медицина саласына бөлінетін қаржының көлемі артады. Дәрігерлердің мәртебесі заң жүзінде айқындалады. Аурудың алдын алуға бағытталған маңызды жобалар қолға алынады. Сенат өз тарапынан осы және өзге де бастамалардың іске асырылуына белсенді түрде қатысады»,-деді Сенат төрағасы.

Сондай-ақ ол Ұлттық нейрохирургия орталығы білікті әрі белгілі дәрігер, академик, «Қазақстанның Еңбек Ері» Серік Ақшолақовтың жетекшілігімен жүйелі дамып келетінін айтты.

«Клиникада қатерлі ауруларды емдеуге арналған «Гамма-пышақ» кешені мен госпиталды фармация бөлімшесінің жұмысымен таныстық.

Бүгінде тұрғындардың денсаулығына қатысты көрсеткіштер бойынша өңірлердің арасында алшақтықтар бар екені жасырын емес. Елімізде адами капиталдың тең дәрежеде дамуы – маңызды міндет. Сондықтан Ұлттық нейрохирургия орталығының мол тәжірибесін өңірлермен бөлісу жұмысын жалғастырған жөн деп есептейміз.

Осы ретте Орталықтың ұжымына амандық және халық денсаулығын жақсарту жолындағы жұмыстарына толайым табыс тілейміз»,-деді Мәулен Әшімбаев.


Фото: facebook.com/m.ashimbayev