Елімізде әйелдер денсаулығын сақтауға арналған онкүндік өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде ана мен бала денсаулығын қорғау мәселесі күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Дені сау әйел дені сау ұрпақ алып келеді. Ал Қазақстанның болашағы осы дені сау ұрпақтың қолында.
Өкінішке қарай, қазір тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемдегі әйелдер арасында сүт безі обыры дерті кеңінен етек жайып отыр. Осыған орай, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында республика өңірлерінде 2015 жылғы 12-21 қазан аралығында Дүниежүзілік сүт безі обыры жөнінде ақпараттылық күні шеңберінде әйелдердің денсаулығын сақтау бойынша онкүндік өткізіледі.
Дүниежүзілік денсаулық ұйымының мәліметтері бойынша, Әлемде әйелдер арасында ең көп таралған ауру сүт безі обыры, оған әйелдер арасында обырмен ауыру фактісінің 16%-ы тиесілі, аурушаңдылық өмір сүру ұзақтығының өсуіне, қалалану мен заманауи өмір салтын ұстануға байланысты өсіп отыр. Жыл сайын әлемде 1,38 миллионға жуық адамнан сүт безі обырын анықтап, 458 000-ге жуық оқиға өліммен аяқталады екен.
Обырдан болатын өлім-жітімнің бірі дене салмағы индексінің жоғары болуы, жемістер мен көкөністерді жеткіліксіз тұтыну, дене белсенділігінің жоқтығы, темекі мен алкогольді тұтыну секілді мінез-құлық пен тамақтануға байланысты басты қауіп-қатер факторларының салдарынан орын алады.
Қазақстанда сүт безі обыры әйелдер арасында ісік ауруларының құрылымында, жалпы қатерлі ісік құрылымында 1-ші орынды иеленуде. Аталған аурудан өлім-жітім 2014 жылы 100 000 адамға шаққанда 7,8 құрайды, 2013 жылғы 77,1%-бен салыстырғанда І және ІІ сатысындағы сүт безі обырының салыстырмалы салмағы 80,6 %-ды құрайды. 2014 жылы сүт безінің қатерсіз ісігі мен қатерлі ісігін ерте анықтау скринингінің шеңберінде 386 112 әйел қаралып, обыр оқиғасының 45 077 (11,7%), ісікалды оқиғасының анықталды.
Онкологиялық аурулардың алдын алу стратегиясы мінез-құлықтық қауіпті факторларының (жемістер мен көкөністерді жеткіліксіз тұтыну, дене белсенділігінің жоқтығы, темекі мен алкогольді тұтынудың) адамның ағзасына әсерінің алдын алу; адамдағы папиллома вирусы (HPV) тудыратын инфекцияларға қарсы вакцинациялау; жұмыс орындарында денсаулыққа зиянды және қауіпті әсер ететін факторларды бақылау болып табылады.
Онкүндіктің мақсаты жұртшылықтың, әсіресе жұмыс берушілердің назарын сүт безі обырының алдын алу мен ерте анықтау мәселесіне, сүт безі обырын ерте анықтаудың маңыздылығы туралы ақпараттылықты арттыруға, өз денсаулығына ортақ жауапкершілікті қалыптастыру мен сүт безі обырын ерте анықтауға скринингтік тексеріп-қараудан (маммография) дер кезінде өтуге, мінез-құлықтық және биологиялық қауіпті факторларды бақылауға және салауатты өмір салтын ұстануға аудару.
Ауруды ерте диагностикалау мен дер кезінде емді бастау әйелдердің денсаулығын сақтаудың кепілі.