Елімізде азаматтарды сайлауға қатысуға ешкім де мәжбүрлей алмайды - ОСК мүшесі Л.Сүлеймен

АСТАНА. 1 сәуір. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Елімізде өтетін кез-келген сайлауға келу немесе келмеу, белгілі бір азаматқа сайлауда дауысын беру немесе бермеу әрбір азаматтың конституциялық құқығы»,- деді бүгін Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен журналистердің сауалдарына жауап беріп тұрып.

Елімізде азаматтарды сайлауға қатысуға ешкім де мәжбүрлей алмайды - ОСК мүшесі Л.Сүлеймен

«Интернет басылымдарда еліміздегі кейбір басшылардың өз қызметшілерін кезектен тыс сайлауға баруға мәжбүрлеп жатқандығы жөніндегі материалдарды біз де оқыдық. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Сайлау туралы» Заңына сәйкес, сайлауға бару және белгілі бір азаматқа дауыс беру азаматтық парыз болып есептеледі. Ешкімнің де елдегі азаматтарды сайлауға қатысуға және біреуге дауыс беруге мәжбүрлеуге құқы жоқ»,-деді ОСК мүшесі.

Оның сөзіне қарағанда, жақында Батыс Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы өз қызметкерлерінің тізімін алып, олардың 100 пайыз сайлауға қатысуын бақылау жөнінде бұйрық шығарғандығы жөніндегі мәліметтен де хабардармыз. «Біздің бұған жауап ретінде айтарымыз, басқарма бастығының әрекеті Конституцияны өрескел бұзу және мемлекеттік қызметші өзінің лауазымын асыра пайдаланып отыр. Сондықтан аталмыш азамат қызметінен босатылды. Егер мұндай фактілер орын ала қалған жағдайда Орталық сайлау комиссиясы оған бірден өзінің көзқарасын білдіріп, қалыптасқан жағдайдың заңға сәйкес шешілуі үшін әрекет ететін болады»,-деді Л.Сүлеймен.