Елімізде азаматтық авиацияға төнетін қатерлермен күрес күшейеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжлісінің жалпы отырысында «Халықаралық азаматтық авиацияға қатысты заңсыз актілерге қарсы күрес жөніндегі конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Заң жобасы «Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) Ассамблеясының 38-ші сессиясының шешімін жүзеге асыруға бағытталған. Ол барлық ИКАО-ға мүше мемлекеттерді осы Конвенцияға қол қоюға және ратификациялауға шақырады. Бұл жобаның мақсаты - азаматтық авиация саласында заңсыз әрекеттер жасаған тұлғаларға қылмыстық жауапкершілік тағайындау», - деп тоқталды ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.
Бұл ретте, әуежайда және ұшып келе жатқан әуе кемесінің бортындағы адамға қатысты зорлық-зомбылық актісін жасаса, бұзатын және істен шығаратын құрылғыны немесе затты әуе кемесінің бортына орналастырса, сондай-ақ кемені пайдалана отырып жарылғыш заттарды, химиялық, биологиялық, уландыратын, радиоактивті материалдарды тасымалдаса тиісті жазалар қарастырылған.
Бұдан бөлек, ұшу кезінде әуе кемесін жою, әуежайдағы жабдықтарды бұзса және зақымдаса, жалған мәліметтер хабарлап, әуе кемесінің қауіпсіздігіне қатер төндірсе, аэронавигациялық құралдардың зақымдануы, әуе кемесін қару ретінде қолдану және тағы басқа да заңсыз актілерге қарсы күрес шаралары ескерілген.
«Қазақстанның қылмыстық кодексінде аталған актілер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Бұл ережелерді қабылдау БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің терроризмге қарсы іс-қимылына қатысты талаптарын қанағаттандыруға, сондай-ақ азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатерлерге тиісті деңгейде жауап беруге мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасы әлемдік қоғамдастықтың әуе көлігіндегі терроризмнің барлық формасымен және көрінісімен күрес жөніндегі ұжымдық шараларын тұрақты түрде қолдайды. Конвенцияны ратификациялау Қазақстан Республикасы тарапынан қосымша шығындар мен міндеттемелерді қажет етпейді», - деп нақтылады министр.