Елімізде азаматтық қорғаныс айлығы басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні. Айтулы күнге байланысты ел аумағында шаралар айлығы басталды. Ол туралы ТЖМ Азаматтық қорғаныс комитетінің төрағасы, полковник Бауыржан Сыздықов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: voxpopuli.kz

«Азаматтық қорғаныс күні – қауіпсіздік мәселесіне жұртшылықтың назарын аудару, төтенше жағдайларды болдырмау және болған жағдайда қауіпті жедел жою мақсатында жыл сайын аталып өтеді. Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күніне орай, біздің министрлік наурыз айы бойы мүмкіндігінше барша халықты қамтитын іс-шаралар жоспарын бекітті», - деді Бауыржан Сыздықов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, өңірлерде ашық есік күндері, семинарлар, викториналар, конкурстар, халықтың әртүрлі санаттарымен, оның ішінде барлық деңгейдегі білім беру мекемелерінде оқу-жаттығулар өткізіледі.

«Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні жыл сайын белгілі бір ұранмен өтеді. Биылғы ұран: «Тәуекелдерді бағалаудағы ақпараттық технологиялардың рөлі». Азаматтық қорғаныс – бейбіт және соғыс уақытында жүргізілетін, төтенше жағдайлардан қорғау жөніндегі іс-шараларды іске асыруға арналған азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің құрамдас бөлігі», - дейді ол.

Төтенше жағдайлар министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, былтыр елімізде әртүрлі санаттағы 14 мыңнан астам адам азаматтық қорғаныс бойынша оқытылды. Сонымен қатар, 83 мыңнан астам оқу-жаттығу өткізілді.

Сондай-ақ, ТЖМ өкілі бүгін ел аумағында дабыл жүйесі іске қосылатынын еске салды.


Соңғы жаңалықтар