Елімізде бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдаймыз - С. Ахметов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық валютаның жаңа айырбас бағамы халықтың жағдайына кері әсерін тигізбеуі керек. Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңесте Премьер-Министр Серік Ахметов мәлім етті.
«Ұлттық банк бүгіннен бастап ұлттық валютаның жаңа айырбас бағамын жариялады. Бұл мәселе халықтың жағдайына кері әсерін тигізбеуі үшін тез арада тиісті шаралар қабылдаймыз. Ең алдымен елімізде бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу керек»,- деді С. Ахметов. Осы орайда Үкімет басшысы бұл мәселе күнделікті қажетті тауарлардың бағасына айрықша қатысты екенін қадап айтты. Сонымен қатар ол Үкіметтің экономикалық блогы мен Ұлттық банк қалыптасқан жағдайды шұғыл бағалап, экономиканың жоспарланған өсімінің көлемін қамтамасыз ету тұрғысында ұсыныстар енгізуді тапсырды. «Үкіметте біз бүгін осы мәселелерді жан-жақты қарап, қажетті шешімдерді қабылдаймыз», - деді ол.