Елімізде бала асырап алушылардың қатары арта түскен

АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысы өтті.

Елімізде бала асырап алушылардың қатары арта түскен

Онда «Қазақстан Республикасының Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияға қосылуы және оны ратификациялауы туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде елімізде бала асырап алушылар саны көбейіп келеді. 2009 жылы 3 мың 44 бала асырауға алынды. Ол бұрынғы жылғыдан 271 балаға көп. Енді сыртта жүрген балалардың құқығын қорғап, өмірін сақтаймыз»,-деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Білім және ғылым министрінің орынбасары Махметғали Сарыбеков.

Әлемнің 72 елі қол қойған конвенция - Гаага конвенциясына қосылу үшін 2006 жылы аталған заң жобасы әзірленіп, Парламентке келіп түсті. Бүгінге дейін шетелдіктер Қазақстаннан асырап алған балалардың көбісі Америка Құрама Штаттарына кеткен. Олар жыл сайын баланың жай-күйін айтып есеп беріп отырады, дегенімен де барлығын бірдей қадағалап отыру мүмкін емес. «Бала 18 жасқа толғанынша екі мемлекеттің де есебінде тұрып, азаматы атанады. Одан әрі қарай азаматтығын өзі таңдайды»,- деп көрсетіледі заң жобасында.

Комитет отырысында депутаттар Сәт Тоқпақбаев, Сағынбек Тұрсынов, Сауырбай Есжанов, Уәлихан Қалижанов, Уәлихан Қоңырбаевтар заң жобасын қызу талқыға салды. Аталған заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Бағила Баймағанбетова қосымша сөз сөйледі.