Елімізде балалар құқығын қорғауды ұйымдастыратын мемлекеттік орган құрылуы тиіс - конференция
АЛМАТЫ. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ -Елімізде балалар құқығын қорғауды ұйымдастыратын мемлекеттік орган құрылуы тиіс.
Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан «Балалық шақты қорғау: ахуалы, стратегиясы, жүзеге асыру жолдары» атты орталықазиялық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысушылардың бірлескен үндеуінде жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Үндеуде мұнымен қатар, Қазақстанда балалар құқықтары жөніндегі тәуелсіз уәкіл институтын енгізу қажеттігі, еліміздегі балалар құқықтары туралы заңдарды халықаралық шарттармен сәйкестендіру, Қазақстанның балалар құқықтарына арналған халықаралық конвенцияларға қосылуы мәселелері айтылған. Конференцияға қатысушылар үндеуде балаларға көрсетілетін әлеуметтік, медициналық, білім беру және басқа да қызметтердің стандарттарын әзірлеу және оларды қаржыландыруды арттыру, балалар құқығын қорғаушы үкіметтік емес ұйымдар өкілдерін ҚР Парламенті мәжілісі жанындағы қоғамдық сарапшылар палатасының құрамына енгізуді, мүмкіндігі шектеулі балалар мәселелері бойынша аймақтық бағдарламалар қабылдау қажеттігін де ұсынып отыр. Сондай-ақ үндеуде Қазақстанда балалар құқықтарын дамытуда елеулі табыстарға қол жеткізілгені туралы да атап өткен.