Елімізде балаларға арналған қазақ тіліндегі алғашқы компьютерлік ойын сатылымға шығарылды
АСТАНА. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елордада Қазақстанда балаларға арналған қазақ тіліндегі алғашқы компьютерлік ойынның таныстырылымы өтті.
«Уақыт кітабы: Динаның хикаясы» атты балалар ойыны қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірінде сатылымға шығарылып отыр. Бұл туралы бүгін Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Мемлекеттік тілге - мемлекеттік қолдау» атты республикалық көрме барысында белгілі болды.
«Sanasoft» компаниясы өкілінің айтуынша, аталған компания Тіл комитетімен бірлесіп, балаларға арналған 2 ойын шығарып отыр екен. Оның біріншісін қазіргі таңда «Меломан» дүкендер желісінен алуға болса, екіншісі - «Атлантида» деп аталатын ойын Тіл комитетінің сараптамасына берілген.
Ал «Уақыт кітабы: Динаның хикаясы» атты балалар ойынының желісі Дина атты қыздың аңыз бойынша уақытты басқара алатын ежелгі кітапты іздеу барысында басынан өткерген шытырман оқиғаларына негізделген. Енді ойын барысында бас кейіпкермен бірге көптеген жұмбақтар шешіп, қазақ аңыздарының Алтын адамымен, Тұмар ханшайыммен, самұрық құспен және де басқа да кейіпкерлермен кездесудің сәті туды.