Елімізде балықты қорғауға арналған іс-шаралар нәтижесі жақсарып отыр - Ю. Ромашов
АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Биылғы жылы балықты қорғауға арналған «Уылдырық-2010» және «Бекіре-2010» атты акциялардың нәтижесі жақсарып отыр.
Бұл туралы бүгін аталған министрлікте өткен баспасөз мәслихатында Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Юрий Ромашов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Орал-Каспий өңірінде жүргізілетін «Бекіре» акциясы барысында 1 мың 702 құқық бұзушылық анықталса, былтырғы жылғы осы кезеңдегі көрсеткіш 1 мың 553-ді құраған болатын. Шара барысында құқық бұзушылардан қылмыстық мақсаттарда пайдаланатын 60 бірліктегі жүзу құралдары тәркіленді, ал былтырғы жылы осындай шарада алынған қылмыстық айғақтардың саны бар-жоғы 4-еу болды. Сонымен бірге, ағымдағы жылы браконьерлерден алынған балықтардың салмағы 19 мың келіден астам болды. Былтырғы көрсеткіш 5 мың келіден аспаған еді», деді Ю. Ромашов.
Оның айтуына қарағанда, іс-шаралар барысында браконьерлік фактілерге орай тергеу органдарына 146 іс жолданған. Ал өткен жылы бұндай құқық қорғау органдарына жолданған материалдардың саны 43-ті құраған еді. «Жалпы, «Бекіре-2010» шарасы маусым айының соңына дейін жалғасады. Ал Қазақстандың барлық өңірлерінде жүзеге асатын «Уылдырық-2010» акциясы шілде айының ортасына дейін жүргізіледі», деді Комитет төрағасы.