Елімізде барлық ақпаратты біріктіретін ортақ еңбек биржасы пайда болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдың қыркүйек айында Қазақстанда электрондық еңбек биржасы іске қосылады. Электрондық еңбек биржасы жұмыспен қамту орталықтары, ізденушілер, кәсіпорындар, түрлі меншік сипатындағы ұйымдар, персонал таңдаумен айналысатын рекрутинг компаниялары сынды тараптардан келетін ақпаратты біріктіреді.

Елімізде барлық ақпаратты біріктіретін ортақ еңбек биржасы пайда болады

Естеріңізге сала кетейік, Үкімет отырысында ҚР Премьер Министрі Бақытжан Сағынтаев: «Егер бұрын біз «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының шеңберінде уақытша жұмыс орындарын құруға басымдық берген болсақ, енді оқыту арқылы тұрақты еңбекпен қамтуға ден қоямыз. Ең бастысы өз кәсібін ашуға мүмкіндік береміз. Осы арқылы тағы да жұмыс орындары пайда болады»,- деген еді. Соның арқасында елімізде тұрақты жұмыс орындарын ашу бойынша көптеген жұмыстар істелетіні туралы да айтылған еді, Табысы төмен қазақстандықтарға жеке ісін ашу үшін мемлекеттік қолдау жасалады. Мұндай мүмкіндіктер Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге асырылмақ. Аталған іс-шаралар Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында алға қойған тапсырмаларын орындау мақсатында, азаматтардың жұмыс табуы мен жұмыс берушілердің білікті қызметкерлер іздеу үдерісін жеңілдету аясында жүзеге асырылып келеді.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы елімізде 1 наурыздан бастап, қолға алынған болатын. Оның басты міндеттері: азаматтардың өздігімен жұмысқа орналаса алу көкжиегін кеңейту үшін сұранысқа ие кәсіптерге жаппай оқыту, несиелендіру арқылы жаппай кәсіпкерлікке жағдай жасау және де жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу мен еңбекке жұмылдыруды қолдау.

Айта кетейік, Электрондық еңбек биржасы қазір істеп тұрған enbek.kz порталының негізінде жұмыс істейтін болады және мемлекеттік органдардың деректер қорымен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі таңда осы күнге дейін қолданыста болған интернет ресурсты жетілдіруге ден қойылған. Ал Еңбек ресурстарын дамыту орталығының қызметкерлері онлайн-алаңқайды дамыту мақсатында оған тың тетіктер қосуға күш салуда.

Бүгінгі таңда, қуантарлық бір жағдай - Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру қолға алынғаннан бастап, оған 80 мыңнан астам адам қатысты. Ал олардың 31 мыңы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылып, 20 мыңнан астам жас маман әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар тәжірибесіне жіберілді. Сондай-ақ, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аясында 29 мыңға жуық қазақстандық қоғамдық жұмыстарға жолданды. 91 арнайы жобаны жүзеге асыру аясында қысқа мерзімді курстарда кадрлар даярлау бастау алып, жақын арада 5 облыста пилоттық тәртіпте мобильді оқу орталықтары қатарға қосылмақ. Жеке іс ашуға немесе бизнес өрісін ұзартуға 260 несие берілген.

Сонымен қатар, Қазақстанның 5 облысында пилоттық тәртіпте мобильді оқу орталықтары ашылады деп күтілуде. Жұмыспен қамту орталықтарында қызмет көрсетудің жаңа стандарттары енгізіледі. Көрсетілетін қызметтер сапасын жақсарту мақсатында Астана, Алматы және Шымкент қалаларында электрондық кезек енгізілді.2017 жылдың аяғына дейін электрондық кезек еліміздің барлық облыс орталықтарында енгізілетін болады.