Елімізде бекітілген меморандумдар 2 миллионға жуық адамның жұмысын сақтауға кепілдік береді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің аумағында бекітілген меморандумдар 2 миллионға жуық адамның жұмысын сақтауға кепілдік береді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғандықов мәлім етті.

Елімізде бекітілген меморандумдар 2 миллионға жуық адамның жұмысын сақтауға кепілдік береді

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жұмыс орындарын сақтау және босаған жұмыскерлерді жұмыспен қамту мәселелері бойынша әкімдіктер мен кәсіпорын жетекшілері арасындағы ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қою жұмысы жүргізілгенін атап өтті.

«Бүгінгі таңда осындай 50 мыңнан астам меморандумға қол қойылды. Оның ішінде 1,3 мыңы ірі кәсіпорындармен, 50 мыңға жуығы шағын және орта кәсіпорындармен жасалған. Тараптар өз міндеттемелерін орындаған жағдайда аталған шаралар 1,9 млн. адамның (жалпы жұмыспен қамтылғандардың 23 пайызы) жұмыс орнын сақтауға мүмкіндік береді»,-деді министрдің орынбасары.

Осы орайда қазіргі кезде меморандумдардың орындалуына тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде. Қысқарту орын алған жағдайда бұл фактілер үшжақты комиссияларда қарастырылады.